Министр орталық және жергілікті атқарушы органдардың назарын бірқатар аспектіге аударды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Белсенді құрылыс жұмыстары маусымын жедел іске қосу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сыртқы факторлардың теріс салдарын азайту мақсатында бірқатар кешенді шаралар қабылданды. Бұл: салықтық ынталандыру, шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіпті қолдау, сондай-ақ жұмыспен қамту бойынша іс-шаралары», - деді ол.
Осыған байланысты Руслан Дәленов макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аударуы қажеттігін баса айтты.
«Біріншіден, белсенді құрылыс жұмыстары маусымын, оның ішінде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында жедел іске қосу, екіншіден, мемлекеттік сатып алуды жылдам өткізу, оның ішінде аванстық төлемдерді барынша төлеу және ішкі өндірісті жүйелі қолдау қажет», - деді ол.
Министр үшіншіден, нарықты азық-түлікпен белсенді қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның бекітілген шекті мәндерінен жоғары өсуіне жол бермеу керектігін атап өтті. Төртіншіден, «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында жеңілдетілген кредит беру үшін жобалар пулын қалыптастыру қажеттігіне назар аудартты.
«Бесіншіден, аймақтық және республикалық жобалар бойынша негізгі капиталға инвестициялардың нысаналы деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз ету керек. Жалпы алғанда, сыртқы және ішкі факторлардың жүйелі мониторингі жалғасатын болады», - деді ол.