Министр С.Қайырбекованың өңірлерге сапары барысында Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін іске асыру мәселелері талқыланды
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова жұмыс сапарымен Маңғыстау, Алматы облыстарында және Алматы қаласына барып қайтты.
Сапар барысында Министр денсаулық сақтау объектілерінде болып, өңірлердің медициналық қоғамдастығымен Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін іске асыру мәселелері бойынша кездесті.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 23 қарашада Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың және Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың қатысуымен жаңа облыстық қан орталығы ашылды. Алғаш рет Маңғыстау облысында полимераздық тізбек реакциясының қазіргі заманғы зертханасы клиникалық тәжірибеге енгізіліп отыр, бұл бірегей жабдықтың ерекшелігі - анализді жүргізуде оның сезімталдығының жоғары болуы. Сол күні Ақтау қ облыстық аурухана базасында магниттік-резонанстық томография бөлімшесі ашылды. Іске қосылған магниттік-резонанстық томографтың құны 504 млн теңгені құрайды және Батыс Қазақстан аумағында бірінші болып енгізілді. Содан кейін Маңғыстау облысы әкімінің қатысуымен өңірдегі медицина қызметкерлерінің мәжілісі өтті.
Сондай-ақ 25 қарашада Алматы қаласының Денсаулық сақтау министрі денсаулық сақтау объектілерін - №7 қалалық клиникалық ауруханасын және салынып жатқан перинаталдық орталықта барды. Бұдан соң Салидат Қайырбекова және Алматы қ әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов қалалық денсаулық сақтау органдары мен ұйымдары басшыларымен кеңес өткізді. Кеңестің күн тәртібінде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу барысы және алдағы жылы қалалық денсаулық сақтау ұйымдары атқаратын міндеттер туралы мәселелер қаралды. Келесі күні Министр Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының форумын салтанатты түрде ашты.
Ал 26 қарашада Министр Алматы облысында болды. Мұнда
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін іске асыру мәселелері жөнінде өңірдегі медицина қызметкерлерінің кеңесі өтті, жиынға Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова және Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов қатысты. Өңірге сапары аясында Министр Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана мен диагностикалық орталықтың, сондай-ақ Алматы облысы Ескелді аудандық орталық ауруханасының жұмысымен танысып- қайтты.