Министр «Саран» шахтасына түсіп, кеншілердің еңбек жағдайымен танысты
АCТАНА. KAZINFORM - ТЖ министрі Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ-на қарасты «Саран» шахтасына түсті.

Министрлік мәліметінше, Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов «Qarmet» АҚ-ның көмір және болат департаменттеріне қарасты нысандарды аралады.

Сапар барысында ведомство басшысы компания шахталарында енгізілген позициялау жүйесімен танысты. Бұл заманауи технологиялық шешімдер кеншілердің нақты уақыт режимінде орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін аса маңызды.

Шыңғыс Әрінов «Саран» шахтасына түсіп, 540 метрлік горизонтта орналасқан көмір қазу комбайнының жұмысын көріп, кеншілердің еңбек жағдайымен танысты.

Министр ерекше назарды Көмір департаментінің диспетчерлік-аналитикалық орталығының жұмысына аударды. Бұл жерде шахталардың жағдайы тәулік бойы бақыланып, өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерінің сақталуы тексеріледі және төтенше жағдайлар кезінде жедел басқару жүзеге асырылады.

Жұмыс сапарының жалғасында Шыңғыс Әрінов «Qarmet» АҚ Болат департаментіне қарасты ыстық мырыштау және алюминийлеу цехының жұмысымен танысты. Сонымен қатар министр өндірістік процестер мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қарап шықты.

Бұған дейін Қазақстан мамандары шахтадағы апатты жылдам анықтайтын жүйе жасап шығарғанын жазған болатынбыз.