Министр шетелдік инвесторларды Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция салуға шақырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев шетелдік инвесторларды Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция салуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е. Қарашөкеев еуропалық инвесторларды қант өндіруге шақырды

Ербол Қарашөкеев Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі жаһандық форум (GFFA) мен Берлиндегі «Жасыл апта-2023» халықаралық көрмесінде қатысушыларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін одан әрі арттырып, әлемдегі азық-түлік жағдайын тұрақтандыру мен жақсартудағы өз рөлін нығайтуға дайын екенін айтты.

Министр Германия, Польша, Өзбекстанның аграрлық ведомстволарының басшыларымен, Германия экономикасының шығыс комитетімен және «Bayer» компаниясының өкілдерімен кездесіп, қолда бар мүмкіндіктер туралы айтып берді.

Атап айтқанда, Е. Қарашөкеев Германияның Ауыл шаруашылығы федералды министрі Джем Өздемирмен кездесуінде Қазақстан мен Германия арасындағы аграрлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.

Сонымен қатар, министр ГФР АШМ мемлекеттік хатшысы Сильвия Бендермен бірқатар кооперациялық жобалардың іске асырылу барысын егжей-тегжейлі талқылады, оның ішінде «аграрлық-саяси диалог» және «сүт өндіру саласындағы құзыреттерді арттыру» жобаларын ұзарту мәселелері қозғалды. Тараптар Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын техникалық жаңғыртуға елеулі серпін берген Солтүстік Қазақстан облысындағы КЛААС зауытының іске қосылуын ынтымақтастықтың жарқын мысалы ретінде атап өтті.

Польшаның Ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды министрі Генрик Ковальчикпен кездесуде бірлескен кәсіпорындар құру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді кеңейтудің басым бағыттары айқындалды. Е. Қарашөкеев поляк инвесторларын ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге және қант өндіруге тартуға ерекше назар аударды. Бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мен тәжірибе алмасу арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы қазақстандық және поляк ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Тараптар екі елдің ветеринариялық қызметтерінің өзара іс-қимылын жандандыруға уағдаласты.

Е. Қарашөкеев өзбекстандық әріптесі Азиз Воитовпен кездесіп, өзара сауданы ұлғайту және АӨК саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасы мәселелерін талқылады.

Қазақстандық министр бидай, ұн, ет, күнбағыс майы, картоп және т. б. бойынша бірлескен болжамды теңгерімге тезірек жетудің маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ, қазақстандық ұн мен астық транзитіне тариф белгілеу, ауыл шаруашылығы компанияларын ветеринариялық қызмет бақылауындағы тауарларды өндіру, қайта өңдеу және сақтау тізілімдеріне енгізудің жеделдетілген тәртібі сияқты салаларда бизнес үшін тепе-тең негізде жағдайларды жақсарту мәселелері қозғалды.

Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармспен кездесуде Е. Қарашөкеев аграрлық саланы одан әрі дамыту жоспарлары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары және республиканың инвестициялық ахуалы туралы айтып берді. Мемлекет басшысы АӨК-дегі еңбек өнімділігін 5 жылда 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Қазіргі уақытта АШМ «Қазақ Инвест» компаниясымен және әкімдіктермен бірлесіп, шетелдік инвесторлардың қатысуымен АӨК саласында 3,6 млрд АҚШ доллары болатын 38 жобаға қолдау көрсетті.

«Bayer» көпсалалы химия-фармацевтикалық корпорациясының вице-президенті Макс Мюллермен келіссөзде оның қазақстандық нарықтағы қызметін кеңейту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстанда өсімдіктерді қорғаудың және тұқым шаруашылығын дамытудың сапалы құралдарын өндіруді саласында үлкен әлеуеті бар.


Соңғы жаңалықтар
telegram