Министр ШЫҰ елдерін Қазақстанның БҰҰ-дағы бастамасын қолдауға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттерді Қазақстанның БҰҰ Ассамбелясына берген бастамасын қолдауға шақырды.

«Заманауи жаһандық сын-қатерлер биологиялық қауіп пен сын-қатерлерді төмендету және басқару саласындағы әріптестікті белсенді жүргізуге итермелеп отыр. Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің маңыздылығын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы алаңында бірнеше рет атап өтіп, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастам көтерді. Құрметті әріптестер, осыған байланысты, мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттерді осы бастаманы қолдауға, биологиялық қауіпсіздік саласында өзара ынтымақтастыққа үндегім келеді», - деді министр ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Денсаулық сақтау министрлерінің жетінші кездесуінде.
Сондай-ақ, ол Қазақстан шылым шегудің халық арасында кеңінен етек алуының, электронды темекі шегудің алдын алу үшін заңнамаға өзгеріс енгізіп жатқанын еске салды.
«Қазақстанға вейп кіргізуге, ел аумағында оны өндіруге, сатуға, таратуға тыйым салатын заңды Мәжіліс қабылдады. Қазіргі таңда Парламент Сенатының қарауында жатыр. Ол үшін қоғаммен, бизнес өкілдерімен үлкен жұмыс атқарылды деп айтуға болады», - деді Ақмарал Әлназарова.