Министр спорт басқармасының басшылары неге ауысып жатқанын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірлердегі спорт басқармаларының басшыларын ауыстыру мәселесіне қатысты түсінік берді.
Бұл тұрғыда объективті көзқарас бар, яғни соңғы жылдары Олимпиада ойындарындағы лицензиялар санынан медаль алуға дейін нәтиже айтарлықтай төмендеді.
«Кейінгі кезде өңірлерде басшылар ауысты. Өңірлердегі басқарма басшыларына қатысты министрлік жағынан арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына министрлік өкілдері, депутаттар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Комиссия аясында өзінің бағдарламасын ұсынған кандидат іріктелгеннен кейін, біз сол адамды облыс әкімдіктеріне ұсынамыз. Өз кезегінде жергілікті әкімдік оны тағайындайды. Атап айтқанда, тиісті талаптарға сай келетін, спорт саласын меңгерген, спорт менеджментін білетін адам осы саланы басқарғаны жөн», - деді Е. Мырзабосынов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, енді ел өңірлері бір-бірімен бәсекелеспейді. Әр өңірге нақты тапсырма беріледі. Бұл ретте оларға қандай спорт түрін дамыту керек екені және республикалық деңгейде беретін нәтижесіне қатысты нақты міндеттер жүктеледі.
«Барлығымыз мемлекет игілігі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ал өңірлерді дамыту үтұрғысында дұрыс қадамдар жасалса, мүдделер қақтығысы болмайды. Өйткені біз қазірдің өзінде әрбір өңірдің аясында басым берілетін спортты айқындаймыз. Олар Олимпиада бағдарламасына енетін спорт түрлері, Паралимпиада бағдарламасы, ұлттық спорт түрлері болады», - деді министр.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжат аясында спорт федерацияларының қызметі де өзгереді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, өңірлік спорт басқармалары басшылары ҚР Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған комиссияның келісімімен тағайындалады.