Министр студенттерді «Болашақ» бағдарламасы бойынша су саласына мамандануға шақырды

су
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM –  Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Назарбаев университетінде өтіп жатқан халықаралық форумда студенттерді «Болашақ» бағдарламасы бойынша су саласына мамандануға шақырды.

«Қаңтар айының соңында Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп өткен кеңесте «Болашақ» білім беру бағдарламасына «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» сияқты жаңа су мамандықтар енгізілгені жарияланды. Қазақстандық студенттер осы жылдан бастап аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады. Мен баршаны осы процеске белсенді атсалысуға шақырамын», - деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, ол жетекші технологияларды меңгеру үшін су саласындағы озық жетістіктері бар елдермен тәжірибе алмасу жолға қойылып жатқанын атап өтті.

«Министрлік жетекші мамандарды тарту, отандық кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің бірлескен бағдарламалары, суарудың, үнемдеудің және суды тазартудың заманауи технологияларын енгізу сияқты мәселелер бойынша Ұлыбритания, Германия, Франция, Қытай және Түркия сынды шетелдік серіктестермен тұрақты кездесу өткізеді» - деді ол.

Соңғы жаңалықтар