Министр TikTok-тағы ақауларға байланысты VPN қолданбауға кеңес берді

АСТАНА. KAZINFORM – TikTok-қа қосылуда қиындықтар болса, VPN-ді пайдаланудан бас тартуға кеңес беремін. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

тикток
Фото: Pexels

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер «не себепті VPN-ді қосқан кезде TikTok жақсы жұмыс істейтінін, ал VPN-сіз ақаулар шығатынын» сұрады.

Өз кезегінде Ж.Мәдиев TikTok-тың жұмыс істеу трафигі Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіне жататынын айтты.

- Біздіңше, VPN-ді пайдаланғанда керісінше, компанияның жұмысын, яғни TikTok-тың қызметін қиындатамыз. Неліктен? Өйткені ол кезде IP-адрес ауысып, қазақтілді және орыстілді контенттің модераторлары заңға сәйкес келмейтін, яғни модерацияға жататын трафикті жылдам анықтай алмайды, - деді министр.

Оның айтуынша, кейбір жағдайда TikTok жұмысында іркіліс болса, аталған компания өкілдерімен тиісті келіссөздер болып жатады.

- Атап айтқанда, трафикті реттеу Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретінде. Біз интернетте TikTok қызметіне әсер ететін проблемаларды көріп тұрғанымыз жоқ, - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжіліс Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркін біріктіру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

 

Соңғы жаңалықтар