Министр тозығы жеткен жылу электр орталықтарын жөндеу жоспары туралы түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тозығы жеткен жылу электр орталықтарын жөндеу жоспары туралы түсінік берді.
«Биыл 10 энергоблокты, 55 қазандықты, 45 турбинаны жөндеу жоспарланса, кейбір станцияларды жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Қызыл аймақта орналасқан 19 жылу электр орталығын жаңартуға ерекше назар аударылады. Бұл тұрғыда 28 қазандық пен 16 турбинаны күрделі жөндеуден өткізуді жоспарланған», - деді деді А.Сәтқалиев Сенатта «Орнықты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде Қазақстанда баламалы энергия көздері мен жасыл технологияларын дамыту» тақырыбындағы міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия отырысында.
Министр энергия көздерін қайта құру және жөндеу жұмыстарын қаржылай қолдау үшін электр энергиясының тарифі 20 пайызға түзетілгенін атап өтті.
«Бұл ретте, қайтарылатын инвестицияның жылдық лимиті 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы қаражат энергетикалық активтерімізді жаңартуға, жаңғыртуға және қалпына келтіруге жұмсалады. Бұл шаралар қазірдің өзінде энергетика саласына 327 млрд теңге тартуға мүмкіндік берді», - деді ведомство басшысы.