«Министр жастарды даяшы еткісі келе ме?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 ақпан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Министр жастарды даяшы еткісі келе ме?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Орталық коммуникация қызметінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктелген тапсырмалардың орындалуы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы, сондай-ақ қордың компаниялар тобының жетістіктері жөнінде айтты. Мақалада ұлттық қор ақша үнемдеу мақсатымен, өзіне қарасты компаниялар тобының биылға арналған шығыстарын 337 млрд. теңгеге қысқартып, оңтайландырғаны айтылған. Нақты сандарға жүгінсек, әкімшілік шығыстар 64 млрд. теңгені, ал күрделі шығыстар 240 млрд. теңгені құрайды екен. Қор басшысының айтқанына қарағанда, қысқарту жұмысы мейлінше күрделі болып табылатын үлкен компанияларда бірталай шаралар атқарылыпты. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының менеджменттік шығыстары ағымдағы жылы 134 млрд. теңгеге ортайса, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бюджеті 84 млрд. теңгеге қысқартылмақ көрінеді. «Қаражатты осыншама қысқарта отырып, жұмыс нәтижесін сақтау аса күрделі шаруа. Дегенмен, ағымдағы шығыстар бойынша өндірістегі қызметкерлердің жалақысы сақталады, бюджетке міндетті салықтар да төленеді, өзге де әлеуметтік қолдаулар секілді баптар өз қалпында қалдырылады», - деді Ө.Шөкеев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу жөніндегі бастамасына байланысты хаттар мен жеделхаттар көптеп келуде. Солардың бірпарасы «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында жария етілді. Мәселен, А.Әшімов, Н.Ықтымбаев, С.Елубай, С.Нарымбетов және Р.Әбдірәшов сынды кинематография өнерінің бірқатар танымал қайраткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың Отанымыздың игілігі жолындағы қажырлы еңбегіне рахмет айтып, президенттік сайлауды өткізуді зор ықыласпен және шынайы қолдайтындықтарын атап өткен. Ал Экономика институтының, «Ғылым ордасы» РМК, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің философия, саясаттану және дінтану институтының басшылары инновациялық индустрияландыруды, инфрақұрылымдық дамуды елдің басты басымдықтарының бірі ретінде жариялау ғалымдар үшін маңызды оқиға болғанына назар аударған. Сонымен қатар студенттік спорт федерациясы біріктірген қазақстандық жоғары оқу орындарының барлық спортшы студенттері президенттік сайлау өткізу елімізде спортты дамыту жөніндегі кеуделі жобаларды табысты жүзеге асырудың кепілі болып саналатын Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты сақтауға септігін тигізетінін атап өткен.

***

«Өткен аптада ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «қазақстандық жастарды даяшы және бармен болуға үйретеміз» деген ұсыныс айтты. Министр ханым мұның әзірге пилоттық жоба екенін, әрі оны оңтүстік-шығыс елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, жастарды қызмет көрсету саласындағы қысқа мерзімді курстарға тартатынын айтқан еді», - деп жазады «Айқын» газеті. Министрдің пікірінше, даярлық курстары бірнеше деңгейде өткізілмек. Біріншіден, арзан қоғамдық тамақтану орталықтарында даяшы болуды үйренеді. Арнайы курстарды бітірген мамандар екінші деңгейде қымбат дәмханалар мен мейрамханаларда жұмыс істей алатын болады. Ал үшінші кезеңде бармен мамандығын игеріп шығуға мүмкіндік алады. «Министрдің сөзінің де жаны бар. Мұндай жобалар тәлімгерлерге әлеуметтік жұмыс беруге мүмкіндік береді. Әрі жастардың әлеуетті еңбекпен қамтамасыз етілуіне де жол ашады. Мұндай тәжірибелер әлемнің озық елдерінде де көптеп кездеседі. Әсіресе, Еуропа елдері, оның ішінде Франция бұған баяғыда кірісіп-ақ кеткен. Жөн-ақ делік. Министр ханым бір нәрсеге ерекше мән бермей отырған секілді. Онсызда студент қауымның елу-алпыс пайызы бүгінгі таңда даяшылық пен бармендікті табыс көзіне айналдырып алған жоқ па?!», - деп жазады мақала авторы. Толығырақ «Министр жастарды даяшы еткісі келе ме?» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.

Осы басылымда академик Әбдімәлік Нысанбаевпен арадағы сұхбат «Халық Елбасының кемел саясатын көріп отыр» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Әрине, бізде бәрі жақсы деп айтсақ, ешкім сене қоймас. Азды-көпті қиыншылықтар жоқ емес. Әсіресе, соңғы уақыттағы қитұрқы санкциялар аздап әсер етуде. Бірақ елімізде сәтті жасалған экономикалық-қаржылық реформалардың арқасында оны айналып өтудеміз деуге болады. Десек те, осындай күрделі тұста Президент сайлауын өткізгелі отырмыз. Және сенімді тағы да Елбасыға артудамыз. Неге десең, мынадай алмағайып заманда елді, шашу шығармай, алға сүйрей алатын білікті тұлға қажет. Қазақстан халқы тұлға ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты ғана таниды. Іште де, сыртта да бет-беделді, тәжірибелі, көреген саясаткер дәл қазіргі кезеңде еліміз үшін аса қажет. Әлемдік саяси сахнада сөзін өткізе алатын, ғаламдық бастамалар көтере алатын бірден-бір тұлға ол - Елбасы. Сондықтан халық қашанда ол кісіні өзімен бірге болуын, көш бастауын қалайды. Елбасы бар жерде тәуелсіздік бар, жеріміздің тұтастығы бар, халқымыздың ауыз біршілігі бар. Демек, қандай жағдайда болсын, халық бүгінгі Президентті қолдайды», - дейді.

***

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады. Бұл жайында бүгін «Казахстансая правда» газеті жазды. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында Қ.Қожамжаров Мемлекет басшысына агенттіктің қазіргі қызметі, сондай-ақ, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру және тиімділігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев былтыр құрылған ведомствоның алдында мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды міндеттер тұрғанына назар аударды.

***

«Семейде Абай атындағы кітапхананың қызметкерлері қазақ ақыны, ағартушы Абай Құнанбаевтың алда келе жатқан 170 жылдық мерейтойын қалалықтардың қаперіне салу үшін ұлы жерлестерінің бейнесі бейнеленген суреттерді автобустарға жапсырып шықты», - деп жазады «Время» газеті «Чтим тебя, читатель!» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, кітапханашылар өздерінің бұл бастамасын «Абай мұрасы - ел байлығы» деп атапты. Олар қоғамдық көліктерге тек қана ұлы ақынның суретін жапсырмй, оны шығармашылығын, өмірбаян жолаушыларға кеңінен таныстырған.