Министр жүк көліктерінің артық салмағын өлшейтін жаңа жүйеге қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев жүкті шамадан тыс артық тиеп алатын ауыр жүк көліктерін бақылау жүйесіне байланысты пікір білдірді.
«Шынында да күн жылыған кезде құрылысқа арналған ауыр жүктерді тасымалдайтын ауыр көліктер көбейеді. Екіншіден, қоғаммен ақылдасатын мәселе бар. Бәрін нормативке сәйкестендіріп жатсақ, өз кезегінде жүргізушілер де уәжін айтып жатыр. Яғни олар 8 тоннадан асырмау туралы талап жүк тасымалында қаржылай пайда әкелмейтінін атап өтті. Былтыр еліміздің барлық өңіріне бардық. Сол кезде жүргізушілер өздерінің ұсыныстарын заңдастыруды сұрады. Олар 2-5 тонна жүкті артық тиеуге мүмкіндік беріп, тиісті қаражатты бюджетке төлеуді ұсынды. Қазір барлық ұсынысты қарастырып жатырмыз», - деді М. Қарабаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол Астана қаласына кіретін жолдардаға тиісті жүйе орнатылып жатқанын еске салды.
«Бұл жүйе нәтиже береді. Себебі 6 бейнекамера орнаттық. Мәселен, елордағы жақын елді мекендерде карьерлер бар. Сол карьерлерден қалаға құм мен ұсақ тас тасымалданады. Аталған жүйеде адами фактор жоқ. Жүкті шамадан артық тиеген көліктер автоматты түрде өлшенеді және бұл мәлімет «Сергек» жүйесіне түседі. Осыдан кейін айыппұл көлік иелеріне жолданады. 3-4 айыппұл төлегеннен кейін, жүргізушілер артық жүк алмауға тырысады», - деді министр.
Айта кетейік, ауыр карьерлік жүк көліктеріне 2025 жылдың аяғы мен 2026 жылдың басында қазақстандық жолдармен жүруіне тыйым салынуы мүмкін.