Министрлік Қазақстан аумағынан ұшқан құпия нысан туралы айтты
Ведомство мәліметіне қарағанда, 2017 жылғы 26 қыркүйекте сағат 21:26 кезінде Ресейлік Астрахан облысындағы «Капустин Яр» сынақ полигонынан «Сарышаған» полигоны бағытына қарай «Тополь» баллистикалық зымыранын сынақ түрде ұшыру іске асырылды. Осы орайда Қазақстанның әуе кеңістігі мен жауынгерлік алаңдарын пайдалану ескерілді.
Қорғаныс министрлігінде құрлықаралық «Тополь» баллистикалық зымыранының сынағы штаттық режимде өткені аталап өтті. Зымыран ұшқан траектория туралы ақпарат жабық мәлімет болып табылады.
Айта кетейік, 21 қыркүйекте РФ Қорғаныс министрлігі Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының басшылығы «Тополь» зымыранын жоспарлы ұшыру туралы ҚР Қорғаныс министрлігін алдын ала ескертті.
Ресей мен Қазақстан арасында РФ ҚМ Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы полигондарында Ғылыми-сынақ жұмыстары жоспары келісілген, сондай-ақ бұл бағытта атқарылатын шараларға қатысты тиісті келісім бар.
Естеріңізге сала кетейік, 26 қыркүйекте сағат 21:00-ден кейін Қостанай, Атырау, Атау қалаларының және өзге елді мекендердің тұрғындары аспанда ұшқан нысанның суретін жариялады.
Кейіннен Қостанайлықтарды алаңдатқан аспандағы белгісіз нысан туралы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі ресми хабарлама жасады .