Министрлік құрылыс саласындағы рұқсат беру жүйесінің жаңа тәсілін ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс істері және Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық комитетінде бизнес қауымдастық және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта кездесу өтті. Жиында білікті мердігерлік ұйымдардың тізілімін енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None

Лицензиялау және аттестаттау мониторингі және бақылау басқармасының бас сарапшысы Мұрат Нұрманов атап өткендей, құрылыс нарығындағы қазіргі жағдайдан лицензиялау жүйесі құрылыс ұйымдарының біліктілік дәрежесін жеткілікті дәрежеде көрсетпейтінін байқауға болады. Жалпы еліміз бойынша тиісті лицензиялары бар 90 мыңнан астам құрылыс және жобалау компаниялары жұмыс істейді.

«Берілген лицензиялардың қолданыстағы тізілімі құрылыс ұйымының білікті персоналмен, материалдық-техникалық базамен және қаржы ресурстарымен қамтылуы және жұмыс тәжірибесі бойынша мәліметтерді көрсетпейді. Осыған байланысты біз «білікті мердігерлік ұйымдардың тізілімі» ұғымын енгізу арқылы құрылыс саласындағы рұқсат беру жүйесінің жаңа тәсілін ұсынамыз», – деп атап өтті басқарманың бас сарапшысы Мұрат Нұрманов.

Бұл тізілімді Е-Құрылыс ақпараттық жүйесі базасында автоматты режимде енгізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың интеграцияланған ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтерді көрсетеді және мердігер ұйым туралы техникалық мәліметтердің толық пакетін қамтиды.

Ұсынылып отырған бастама құрылыс қызметтері нарығын білікті емес мердігер ұйымдардан босатып, мердігер құрылыс компанияларына белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда тізілімнен шығаруды автоматтандыруға, сол арқылы құрылыс процесінде сапа мәселесіне баса назар аударуға мүмкіндік бермек.


Соңғы жаңалықтар