Министрлік міндетті медициналық сақтандыру үшін жарнадан босатылатын адамдардың санатын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың қандай санаттары босатылатынын айтып берді.

Министрлік міндетті медициналық сақтандыру үшін жарнадан босатылатын адамдардың санатын атады

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі - халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері»,-деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына: балалар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сондай-ақ I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар; ҰОС ардагерлері мен мүгедектері; мүгедектер; жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар; интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқандар; техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқандар кіреді.
Мұнымен қоса, жарнадан бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағылар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар; зейнеткерлер; ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер; уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар босатылады.