Министрлік техникалық байқау орталықтары ақауы бар автомобильдерге жарамдық куәліктерін беріп келген фактілерді анықтай бастады
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Көлік және коммуникация министрлігі техникалық байқау орталықтары ақауы бар автомобильдерге жарамдық куәліктерін беріп келген фактілерді анықтай бастады.
Ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті Алматы қаласының техникалық байқау стансыларында бұзушылықтарға жол беріліп келгендігін анықтады.
«Көліктік бақылау комитеті Алматы қаласындағы кейбір нақтылы техникалық байқау орталықтарына (ТБО) шағымдардың жиілеп кетуіне байланысты оларды тексеруден өткізді», делінген таратылған хабарламада.
Тексеріс барысында «Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы қауіпсіздігі қоры» қоғамдық қоры мен «Сараптама және сертификаттау ұлттық орталығы» АҚ-ның техникалық байқау орталықтары ақауы бар автомобильдерге техникалық байқаудан өтті деген куәліктерді беріп келгендігі анықталды.
Автокөлік құралдарын диагностикадан өткізу қорытындысымен толтырылған диагностикалық карталарды тексергенде автомобильдер автокөлік құралдарының қозғалыс қауіпсіздігі шарттары бойынша техникалық жай-күйіне қойылатын талаптарға сай келмесе де, міндетті техникалық байқаудан өткендігі жөнінде куәліктер беру фактілер анықталды.
«Міндетті техникалық байқаудан өткізу барысында автокөлік құралдарының параметрлері жөніндегі мағлұматтар диагностикалық картаға автоматты түрде енгізілетінін еске саламыз. Бір данасы автомобиль иесіне беріледі де екінші данасы техникалық байқау орталығында сақталады. Диагностикалық карталарды тексеру арқылы нақты осы ТБО-нда тәртіп бұзушылық болған-болмағандығы жөнінде әділ анықтау мүмкіндігі береді», делінген баспасөз айғағында.
Тексеріс қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы қауіпсіздігі қоры» қоғамдық қоры ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 473-1 бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 32 360 теңге айыппұл салынды.
«Сараптама және сертификаттау ұлттық орталығы» АҚ-ның Алматы қаласында орналасқан техникалық байқау орталығы өзінің заңды тұлға ретінде тіркелген орыны Астана қаласындағы «Сарыарқа» Өңіраралық көліктік бақылау инспекциясына ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 473-1 бабы бойынша әкімшілік шаралар қолдану үшін жолданды.
Аталған ТБО-на тәртіп бұзушылықты жою жөнінде орындалуы міндеттелген ұйғарым берілді.
Мұның сыртында, аталмыш ТБО-ның барлық басшылары ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 473-1 статьясында ескерілген нормаларға сәйкес механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері техникалық жай-күйі жағынан сәйкес емес параметрлер көрсетілген техникалық байқаудың диагностикалық картасын қайтадан берген жағдайды ТБО-ны тексеру барысында анықтаған жағдайда ол ТБО иелері айыппұл төлейтіндігі және бұндай орталықтар техникалық байқау орталықтары тізілімінен шығарылып тасталатындығы ескертілді.
Істеріне селқос қарайтын техникалық байқау орталықтарын анықтау жұмысы бүкіл еліміз бойынша жүргізілуде.