Министрлік жас ғалымдарға арналған ынталандыру шараларын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын Қазақстанда жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға 1,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Сенатта ғылыми мәселелерге арналған «дөңгелек үстел» отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрлік жас ғалымдарға арналған ынталандыру шараларын атады

«Мемлекет басшысының Жолдауын орындау мақсатында жас зерттеушілерді қолдау мен ғылымды дамыту бойынша тиісті міндеттер жүктелді. Сондықтан да 35 жасқа дейінгі жас ғалымдарға гранттық қаржыландыруды бөлу үшін 2019-2021 жылдарға конкурс жариялау жоспарланып отыр», - тоқталды вице-министр.

Белгілі болғандай, Жоғары ғылыми-техникалық комиссия аталған бағдарламаны қаржыландыру тұрғысында әр жылға 1,5 млрд теңгені мақұлдады.

Оның атап өтуінше, 2017 жылы 1 101 ғылыми жобаны жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізілді.

«Өткен жылы аяқталған бағдарламалар аясында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Елімізде ғылыми зерттеулер мен жобаларды әзірлеу жұмыстарымен 386 ұйым айналысты. Осы орайда 22 мыңнан астам адам жұмылдырылды. 2017 жылы жас ғалымдар зерттеуші-мамандар контингентінің 35 пайызын құрады. Қазіргі кезде жастардың ғылымға келуін ынталандыру бойынша тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Жыл сайын PhD докторларын даярлауға мемлекеттік білім тапсыры артып келеді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда отандық ғалымдардың жобаларына жеке сектордың инвестициясы үш есеге артты.