Министрліктегілер Денис Теннің өмірі үшін қалай арпалысқанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева ауыр жарақат алған Денис Тенді тасымалдау кезінде клиниканы таңдау шешіміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктегілер Денис Теннің өмірі үшін қалай арпалысқанын айтты

Оның сөзіне қарағанда, Дениске жедел жәрдем шақыру сағат 14:56-лар кезінде түскен. Сәйкесінше, бұл мәлімет «С30» ретінде белгіленді, яғни бұл адамның өміріне қауіпті дегенді білдіреді.

Көлік сағат 14:58-де оқиға орнына аттанып, 10 минуттан кейін Дениске жетті. Бұдан кейін жедел жәрдем сағат 15:12-лер кезінде оны Орталық қалалық клиникалық аруханаға апаруға бағыт алып, спортшы ол жерге сағат 15:23-те жеткізілді. 2 сағат 7 минут бойы жүрек-өкпе реанимациялық әрекеттері жасалды, алайда барлық шараларға қарамастан, сағат 17:30-да биологиялық өлім тіркелді.

«Науқасты ең жақын орналасқан клиникаға жеткізу туралы министрдің бұйрығы бар. Бригада толық медициналық көмекті көрсету үшін Орталық қалалық клиникалық аурухана жақын екенін бағамдады»,- деді вице-министр.

Сонымен қатар ол шұғыл-хирургиялық бөлімше Орталық қалалық клиникалық аурухана да бар екенін атап өтті.

«Ең бастысы, науқасты ауруханаға жеткізу кезінде барлық реанимациялық іс-шаралар жасалды. Бұл уақытылы жасалуы тиіс әрекеттер. Сондай-ақ ауруларды қабылдау бөлмесі аптасына жеті күн бойы 24 сағаттық режімде жұмыс істейтін стационарға жеткізу өте маңызды», - деді вице- министр.

Оның айтуынша, жедел жәрдем бригадасы тексеру барысында Денис Тен есін білмей жатқан. Оның артериялық қысымы да анықталмады, яғни спортшының ахуалы клиникалық өлім жағдайы ретінде бағаланды.

Денисті ауруханаға тасымалдау процесінде жүрек-өкпе реанимациясы мен өзге де қажетті шаралар жасалды.