21:44, 26 Наурыз 2022 | GMT +5
Министрліктер үйі, Парламент пен Үкімет ғимаратында бір сағатқа сыртқы жарық сөндірілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Жер сағаты» жаһандық экологиялық акциясын қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы қызмет көрсететін Министрліктер үйі, Үкімет үйі, ҚР Парламент Мәжілісі мен Сенат ғимараттары, Қаржы министрлігі, АСПИР және Тұңғыш Президенті мұражайының сыртқы жарықтандыруы сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның мәліметінше, жер планетасының ресурстарын ұқыпты пайдалануға шақыратын жаһандық флешмоб барлық континетте 26 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 20.30-дан 21.30-ға дейін өтеді.
Осы уақыт ішінде «Жер сағаты» қатысушылары өз еркімен электр құрылғылары мен жарықтандыруды пайдаланудан бас тартады.
«Жер сағаты» жобасын бүкіл әлем бойынша екі миллиардқа жуық адам қолдайды. Біздің еліміз жаһандық экологиялық бастамаға 2009 жылы қосылды.
Қазақстандағы «Жер сағаты-2022» экологиялық туризм тақырыбына арналған.
Еске сала кетейік, бүгін дүниежүзілік «Жер сағаты» акциясы өтті. Қазақстан аталған экологиялық акцияға 2009 жылдан бастап қатысып келеді.
Ақорда «Жер сағаты» жаһандық акциясын қолдады.