Министрліктің орман өртіне дайындық деңгейі орташа - Зүлфия Сүлейменова
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет отырысынан кейін Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова ведомствоның орман өртіне дайындық деңгейі жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің министрліктің мұндай өрттерге дайындық деңгейі орташа. Ол бірінші кезекте материалдық-техникалық жарақтандырудың төмедігімен байланысты. Дегенмен біздің орманшылардың қатысуынсыз өртті сөндіру қиындай түсетін еді. Сіз орман өртін сөндіретін болсаңыз, аумақты жақсы білуіңіз керек. Бұл ретте біздің орманшылар үлкен рөл атқарды», - деп жауап берді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Еске сала кетейік, 8 маусымда Семей табиғи резерватында өрт шықты.
Оттың таралуы тоқтады, алайда толығымен өшіру жұмыстары жалғасып отыр.
Тілсіз жау салдарынан 14 орманшы қаза болды.