Министрлік Астанадағы интернет сапасын қалай арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елордада интернет нашар ұстайтын 67 орынды анықтады. Оның ішінде 52 орында проблема шешілген.
Ведомствода өткен брифинг барысында белгілі болғандай, Астананың 41 тұрғын үй кешенінде интернеттің сапалы жұмыс істеуі үшін қажетті техника монтаждалған.
Сондай-ақ, 7 тұрғын үй кешені бойынша шарт жасалған, тағы 13 тұрғын үй кешені тұрғындарымен келісімге қол жиналып жатыр.
Одан бөлек, министрлік 6 тұрғын үй кешенінде интернет сапасын арттыру бойынша балама шешім табуы керек деп отыр, өйткені тұрғындар радиофобияға байланысты техниканы орнатудан бас тартқан.
Еске сала кетейік, былтыр шілдеде бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Астана интернет жылдамдығы бойынша Токионы басып озады деген еді.