Министрлік құрамында қанты бар сусындарға акцизді көтеру ұсынысына түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова елімізде құрамында қанты көп сусындарға акцизді көтеру ұсынысына пікір білдірді.
«Қазіргі зерттеулерге қарағанда, семіздік пен қант диабетіне шалдығу көрсеткіші артып келе жатыр. Сонымен қатар, балалар арасында артық салмақ көп кездеседі. Яғни артық салмақ кейіннен созылмалы аурулардың пайда болуына алып келеді. Егер қателеспесем, 0,5 мл Coca-Cola құрамында 10 тәуліктік нормадағы қант бар. Бұдан басқа, қант басқа да өнімдердің құрамында бар», - деді А. Есмағамбетова Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның атап өтуінше, акциз мәселесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынысына сәйкес келеді.
«Денсаулық сақтау министрлігі бұл норманы өзі ойлап таппады, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тиісті ұсынысын жариялады. Көптеген елде осы акциздер енгізілген. Қант қосылған сусындарға салынатын салықтар оны сатып алуды азайтуға ықпал ететін шаралардың бірі саналады. Әрине, бұл шаралар қосымша таңбалауды енгізуді, міндетті ақпараттық түсіндіруді, сондай-ақ балалардың дұрыс тамақтану тұрғысында ата-аналармен тиісті жұмысты қамтиды», - деді вице-министр.