Министрлік өкілі Сәкен Бибосыновқа неге арендалық пәтер сыйланғанын түсіндірді
Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов өзіне сыйланған пәтерді неге 10 жылдан кейін ғана өз атына аудара алатынын түсіндірді, деп Kazinform.
«Олимпиада жүлдегерлеріне пәтер беру туралы заң 2014 жылы қабылданған. Ал ол пәтерді 10 жыл бойы өз атына аударуға шектеу қоятын норма 2019 жылы енгізілді. Пәтер С.Бибосыновқа 2021 жылы берілді. Сондықтан ол пәтерді өз атына 10 жыл өткеннен кейін ғана аудара алады», - деді Айгүл Бектенова.
Еске салсақ, бұған дейін боксшы Сәкен Бибосыновқа Түркістан облысынан берілген екі бөлмелі пәтердің төңірегінде шу шыққан болатын.
Негізі Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғынжай беру ережесі бойынша, спортшымен арадағы шарт 10 жыл мерзімге жасалады. Шарт жасасқан күннен бастап 10 жыл өткен соң көрсетілетін қызметті алушылар коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген, өздері тұрып жатқан тұрғынжайды өтеусіз негізде меншікке алады.
Ал, спортшы допинг қолданған немесе пайдалануға әрекет жасаған жағдайда спорттық нәтиже жойылғанда, көрсетілетін қызметті алушымен аталған қағидалардың 19 тармағына сәйкес 10 жылға жасалған шарт бұзылады.