Министрлік резидентура түлектері емтиханнан жаппай құлады деген ақпаратты жоққа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі резидентура түлектерінің қорытынды аттестаттауды жаппай тапсыра алмағаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды.
Министрлік мәліметінше, қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңіне резидентураның 3 684 түлегі қатысқан. Оның ішінде 3 540 түлек немесе 96,5%-ы емтиханнан сәтті өтіп, өз біліu3y растаған. Шекті деңгейден өте алмағандар саны 134 адамды (3,5%) құрады. Ал емтиханның орташа нәтижесі 80,7 балл болған.
Ведомствоның хабарлауынша, кейінгі күндері әлеуметтік желілерде жекелеген түлектер қорытынды аттестаттаудың нәтижелерімен келіспейтінін мәлімдеген жазабалар тараған. Осыған байланысты министрлік барлық уәжді зерделеп, емтиханды өткізу тәртібі, тапсырмалардың мазмұны мен бағалау жүйесіне талдау жүргізген.
Талдау нәтижесінде қорытынды аттестаттаудың қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылғаны анықталған. Сондай-ақ емтихан тапсырмалары бекітілген спецификациялар негізінде әзірленіп, бірнеше кезеңнен тұратын тестологиялық, әдістемелік және мазмұндық сараптамадан өткен. Сараптама жұмысына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессорлық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың мамандары қатысқан.
Министрлік мемлекеттік тілдегі тапсырмалардың сапасына қатысты түскен шағымдар да тексерілгенін мәлімдеді. Тексеру барысында барлық материалдардың дербес мазмұндық және лингвистикалық сараптамадан өткені анықталып, сөзбе-сөз аударылған немесе бейімдеусіз берілген тапсырмалар фактілері тіркелмеген.
— Сонымен қатар ақпараттық жүйеге жүргізілген талдау шекті деңгейден өте алмаған түлектердің басым бөлігі емтиханға берілген 90 минуттың толық уақытын пайдаланбағанын көрсеткен. Көптеген қатысушы жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, жауаптарын қайта қарап шығу және клиникалық жағдайларды қайта талдау мүмкіндігін қолданбаған, — делінген хабарламада.
Министрлік емтихан барысында әрбір түлек ақпараттық жүйе арқылы нақты тапсырмалар бойынша апелляция бере алғанын атап өтті. Түскен барлық өтініштер қолданыстағы заңнамаға сәйкес Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына жіберілген.
Ведомство қорытынды аттестаттау медициналық мамандардың кәсіби даярлығын бағалаудың маңызды кезеңі екенін еске салды. Министрліктің мәліметінше, резидентура 2 жылдан 4 жылға дейінгі практикалық даярлықты қамтиды, ал емтиханнан өткендердің жоғары үлесі қазақстандық медициналық жоғары оқу орындары мен клиникалық базаларда халықаралық стандарттарға сай маман даярланатынын көрсетеді.
Салыстыру үшін министрлік Ұлыбританиядағы резидентура түлектерінің қорытынды біліктілік емтихандарын сәтті тапсыру көрсеткіші шамамен 60-65% екенін келтірген.
Сонымен бірге министрлік емтиханнан өте алмаған түлектердің алаңдаушылығын түсінетінін, алайда барлық үміткер үшін тең жағдай мен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті екенін мәлімдеді.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес шекті деңгейден өте алмаған әрбір түлек 6 айдан кейін қорытынды аттестаттаудан қайта өте алады.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері медициналық кадрларды даярлау сапасы мен қорытынды бағалаудың объективтілігі басты басымдық болып қала беретінін айтып, барлық өтініштерді заңнамада белгіленген тәртіппен қарауға дайын екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығы магистратураға түсуге дайындалып жатқан азаматтарды интернетте таралып жатқан жалған ұсыныстардан сақ болуға үндеген еді.