ҰТО магистратураға түсушілерге «жауап сататын» алаяқтардан сақ болуға үндеді
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық тестілеу орталығы магистратураға түсуге дайындалып жатқан азаматтарды интернетте таралып жатқан жалған ұсыныстардан сақ болуға үндеді.
Кейінгі уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «кешенді тестілеуден өткізіп береміз», «грантқа түсіруге көмектесеміз», «тест сұрақтарының дайын жауаптары бар» деген мазмұндағы хабарламалар көбейген. Орталықтың мәліметінше, мұндай ұсыныстардың барлығы — алаяқтық әрекет.
— Әр кешенді тестілеуге қатысушы үшін жеке тест нұсқасы қалыптастырылады. Сондықтан интернетте таралатын «тест сұрақтары» немесе «жауаптар» нақты емтихан тапсырмаларымен сәйкес келеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды, — деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.
Сондай-ақ ведомство тест материалдарын заңсыз тарату фактілері анықталған жағдайда уәкілетті органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.
Тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі болып есептеледі. Орталық оларды заңсыз жариялау немесе тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталғанын хабарлап едік.