Министрлік су қорғау аумақтарында үй салуға тыйым енгізуді ұсынып отыр

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Үкімет отырысында ойпатты бөліктер мен су қорғау аумақтарында үй салуға тыйым енгізуді ұсынды, деп Kazinform. 

ТЖМ су қорғау аумақтарында үй салуға тыйым енгізуді ұсынып отыр
Фото: primeminister.kz

«Өткен жылғы талдау көрсеткендей, негізінен ойпатты бөліктерде салынған, сондай-ақ су қорғау белдеулерінде және өзен арналарына жақын орналасқан үйлер су астында қалады. Мысалы, бұл Қостанай облысы Қарамырза ауылындағы Тімтуір өзенінің жағасында орналасқан тұрғын үйлердің су басуы бірінші жыл емес. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында Шыңғырлау өзенінің су деңгейі күрт көтерілуіне байланысты, жанында орналасқан Кентүбек және Бақтыарал ауылдарында үйлердің су басты. Түркістан облысы Арыс қаласындағы су басқан тұрғын үйлер су қорғау белдеулерінің аумағында орналасқан және Ақтөбе облысының Қобда ауылындағы үйлер ойпатты бөлігінде салынған», - деді министр.

Ведомство басшысы Премьер-Министрге бұл мәселені шешудің жолын да ұсынды.

«Қазіргі уақытта ғимараттарды су қорғау белдеулеріне орналастыру барлық жерде проблема болып табылады. Нәтижесінде, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға мемлекет өтемақы төлемдерін жүргізеді. Осыған байланысты, әкімдіктер бірінші кезекте, осы елді мекендерді қорғауды қамтамасыз етуін немесе оларды көшіру мүмкіндігін қарауын және бұл аймақтарда болашақта құрылысқа тыйым салуын қажет деп санаймын», - деді Сырым Шәріпханов.

Соңғы жаңалықтар