Министрлік заңгерлер даярлайтын ЖОО-лар туралы: тек мықтылары ғана қалады
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрілігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова заңгерлер даярлайтын ЖОО-ларды қысқартуға қатысты пікір айтты.

- Кейінгі жылдары елімізде заңгерлерді дайындайтын жоғары оқу орындарының саны 72-ден 59-ға дейін қысқарды. Заң факультеттеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Тиісті оқытушылар құрамы, материалдық-техникалық база, кітапханалар, практикалық оқу базасы бойынша және басқа да талаптар орйындалуы керек. Қазір бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр, бәсекеге төтеп бере алмайтын барлық университеттер кадр дайындай алмайды. Қазір университеттер академиялық еркіндікке ие болған кезде және олар өздері жұмыс берушілермен бірге стандарттарды әзірлеп жатқанын ескерсек, бәсекелестік жоғары, - деді Г. Көбенова Сенатта заң білімін дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдаудан кейінгі брифингіде.
Осы орайла ол министрлік ЖОО-лар санын белгілі бір межеге дейін қысқартуды мақсат етпейтінін айтты.
- Әрбір талапкер заңгер мамандығына түсе алмайды. Бірінші шарт – ҰБТ-да 75 бал жинау керек, яғни дайындығы бар жастар түсе алады. Олар жұмысқа орналасу үшін білім сапасы жоғары университеттерді таңдауға тырысады. Осындай әділ бәсеке болған кезде, тек жақсы білім беретін университеттер ғана жұмысын жалғастырады, - деді комитет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заңгерлер даярлау ісінде қордаланған проблемалар бар екенін айтты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүгінде заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алып жатқан жастардың 97 пайызы ақылы негізде оқитынын айтты.