Министрлік жемқорлық дауына ұшыраған компания үлескерінің «ҚазАвтожол» басшылығына қалай келгенін түсіндірді

«ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаевтың Шығыс Қазақстан облысындағы жол құрылысына бөлінген 21 млрд теңгенің бір бөлігін масаттан тыс пайдаланған «ҚазГерСтрой» компаниясының үлескері болғаны туралы мәлімет тараған болатын. Көлік министрлігі осы жағдайға байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Көлік министрлігі жемқорлық дауына ұшыраған компания үлескерінің «ҚазАвтожол» басшылығына қалай келгенін түсіндірді
Фото: Александр Павский/ҚазАқпарат ХАА

Омбы-Майқапшағай халықаралық жолының бір бөлігіндегі жемқорлық фактісі туралы журналистік зерттеуде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаевтың жобаға бөлінген 21 млрд теңгенің бір бөлігін мақсатсыз пайдаланып жатқан кезде «КазГерСтрой» компаниясына үлескер болғаны айтылған.

Көлік министрлігінің аталған мақаладағы деректер туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына берген жауабында Мейірхат Қасымбаев ұлттық компания басшылығына келерден бұрын тіисті тексеруден өткені айтылған.

«Мейірхат Қасымбаевты тағайындауға қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалғанға дейін ұсынылған құжаттарда барлық қажетті тексеру рәсімдері жүргізілді және квазимемлекеттік секторға жұмысқа қабылдау үшін қандай да бір шектеулер болған жоқ», - делінген жауапта.

Министрлік мамандары аталған жобаның қазіргі ахуалы туралы да мәлімет келтірген.

«Қалбатау-Майқапшағай» учаскесін реконструкциялауға келісімшарт «China Xinxing Corporation»/«ҚазГерСтрой» БК» ЖШС консорциумымен жасалды. Бұл ретте «China Xinxing Corporation» консорциум көшбасшысы рөлін атқарды. Келісімшарт талаптарына сәйкес, консорциумның жетекшісі «China Xinxing Corporation» компаниясына банк кепілдігімен аванс берілді. Консорциум жетекшісі ұсынылған банктік кепілдікке сәйкес «ҚазГерСтрой» БК» ЖШС-іне аванс төледі. Жобаны жүзеге асыру барысында «ҚазГерСтрой» БК» ЖШС жоба бойынша жұмыстарды тиісті түрде жүргізбеді, жұмыстарды жүргізу кестелерінен кешіктіріп отырды. Тиісінше Консорциум жетекшілері «ҚазГерСтрой» БК» ЖШС-мен консорциумдық келісімді бұзу туралы шешім қабылдады», - деп жазылған министрлік мәліметінде.

Осылайша, былтыр қазақстандық мердігер консорциумнан шығарылған көрінеді.

«Құрылыс жұмыстарын өз күшімен аяқтауға қытайлық «China XinXing Corporation» компаниясы міндеттеме алды. Төленіп, өңделмей қалған авансқа келетін болсақ, қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының учаскесін қайта жаңарту жөніндегі шарт шеңберінде «China Xinxing Corporation» компаниясынан алынған авансты «ҚазГерСтрой» БК» ЖШС негізсіз пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Айта кету керек, аталған жеке компаниялардың іс-әрекеттері олардың ішкі қаржылық шаруашылық қызметіне жатады, оған ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің қатысы жоқ. Бұдан бөлек, «ҚазГерСтрой» БК» ЖШС-нің «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ алдында қарызы жоқ және онымен шарттық қатынастарда емес екенін атап өту маңызды», - делінген жауапта.