Минскіде өткен ЕАЭО кеден қызметтері Бірлескен алқасы отырысында қандай шешім қабылданды

Минскіде өткен ЕАЭО кеден қызметтері Бірлескен алқасы  отырысында қандай шешім қабылданды
Фото: ҚР ҚМ МКК

АСТАНА. KAZINFORM – 1 наурызда Минск қаласында (Беларусь Республикасы) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтері Біріккен алқасының (ЕАЭО КҚБА) 45-ші отырысы өтті.

Отырысқа Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев қатысты. КҚБА-да ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден органдарының кедендік әкімшілендіру мәселелерінде тәсілдерді біріздендіру үшін қажетті құқық қолдану практикасы қарастырылды.

Тауарлардың бірыңғай сыныптамасын қамтамасыз ету мақсатында отырыс қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жекелеген тауарларды жіктеу бойынша бірқатар шешім қабылданды. Сондай-ақ зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімдерге енгізу кезінде құқық иеленушілерге және (немесе) олардың өкілдеріне қойылатын талаптарды күшейтуге, кеден органының декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім қабылдау мерзімін құқықтық реттеуге қатысты мәселе талқыланды.

Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қағаз жеткізгіште сақтауға, сондай-ақ кедендік құнды бақылау бағыты бойынша тәуекелдерді басқарудың бірыңғай тәсілдерін белгілеу үшін салықты көп қажет ететін тауарлардың тізбесін бекітуге қатысты мәселелер қаралды.

Отырысқа Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей кеден қызметінің бірінші басшылары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері қатысты.

ЕАЭО КҚБА қызметінің негізгі бағыты – кеден ісі саласындағы басым бағыттарды айқындау, кеден заңнамасын жақындастыруға және үйлестіруге жәрдемдесу, кеден және басқа да мүдделі ұлттық қызметтер мен мемлекет ведомстволарының практикалық өзара іс-қимылын үйлестіру. Cонымен қатар кеден ісі саласында қабылданған мемлекетаралық және үкіметаралық шешімдерді іске асыруға ықпал ету.

Соңғы жаңалықтар