Минскіде ҰҚШҰ саммиті басталды

ҰҚШҰ
Фото: Kazinform

Минскідегі Тәуелсіздік сарайында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті басталды. Kazinform бұл туралы БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанатты рәсім залында Беларусь президенті Александр Лукашенко саммитке келген ел көшбасшыларын қарсы алды. Олар – Ресей, Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстан президенттері. Мемлекет басшылары бірге суретке түскеннен кейін Александр Лукашенконың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясын өткізеді.

Минскідегі саммитке ҰҚШҰ-ға мүше елдер көшбасшыларының ішінде Армения премьер-министрі Никол Пашинян ғана келмеді. Бұл туралы ертерек хабарланған болатын. Армян көшбасшысының интеграциялық іс-шараларға қатысудан бас тартып отырғаны бірінші рет емес. Қазанда ол Бішкектегі ТМД саммитіне де қатысқан жоқ.

Мемлекет басшылары шағын құрамда халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылап, сессияаралық кезеңде ҰҚШҰ қызметінің қорытындысын жасайды. Президенттер ҰҚШҰ бас хатшысының ақпаратын тыңдап, пікір алмасады.

Пленарлық отырыс кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейді деп жоспарланған. Ол өз елі ҰҚШҰ-ға төраға болған кезде негізінен қандай бағыттар бойынша жұмыс жүргізілетінін баяндайды.

Саммит соңында президенттер ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі декларациясына қол қояды. Қол қойылатын құжаттар қатарында ҰҚК-нің дағдарыс кезінде әрекет ету жүйесін дамытуға, Ұйымның бірлескен баспасөз орталығының жұмысына, «Вместе к миру» медалін, ҰҚШҰ бюджетін бекітуге қатысты шешімдер бар.

Сондай-ақ мемлекет басшылары ҰҚШҰ Біріккен штабының басшысы қызметіне қатысты, Біріккен штаб құрылымы, Хатшылықтағы квоталық қызметтерді бөлу, ҰҚШҰ марапаттары, ұйымдағы төрағалық, ҰҚК кезекті сессиясы өтетін уақыт пен орынға қатысты шешім қабылдайды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Минскідегі Тәуелсіздік сарайына жеткенін еске сала кетейік. Мемлекет басшысын Беларусь президенті Александр Лукашенко күтіп алды.

 

Соңғы жаңалықтар