Минскіде Қазақстан Елшісі баспасөз мәслихатын өткізді
МИНСК. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат - Минскіде Қазақстанның Беларус Республикасындағы елшісі Анатолий Смирнов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған биылғы Жолдауына арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
ҚазАқпаратқа бұл туралы Қазақстан Елшілігінен хабарлады. А.Смирнов жиналған қауымды осынау маңызды құжаттың негізгі қағидаларымен таныстырды. Атап айтқанда, әлемдік экономиканы әбігерге салып отырған дағдарысқа Қазақстанның алғашқылардың бірі болып үн қатқанын және дағдарысқа қарсы шаралардың кешенді бағдарламасын біртіндеп жүзеге асырып отырғанын айтты. Осыған байланысты Қазақстан дағдарысқа қарсы мақсаттармен ел экономикасына 2,7 триллионнан астам теңге салып отыр.Елші сондай-ақ, Елбасы өзінің Жолдауында Үкіметке, дағдарысқа қарамастан, әлеуметтік төлемдерді және бюджеттегілердің жалақыларын арттыру бойынша барлық міндеттемелерді толық көлемде сақтауға кепілдік беруді міндеттегенін ерекше атап өтті. Елші сондай-ақ, келесі жылы жалақы мен зейнетақының - 25 пайызға, 2011 жылы - тағы 30 пайызға еселенетінін айтты. Дипломат журналистерге елдің дағдарыстан кейінгі дамуының жаңа жоспары бойынша мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан перспективалық жобаларды таныстырды. Сөз соңында Елші, Қазақстанның барлық қиыншылықтарды еңсеріп, дағдарыстан қазіргіден қуатты, қазіргіден де гүлденген мемлекет болып шығатындығына сенім білдірді.