Минскіде ҰҚШҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Минскідегі ҰҚШҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.
«19-23 маусымда Минскіде ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өткізіледі. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу басқарады. Іс-шара барысында ҰҚШҰ-ны одан әрі дамыту аспектілерін талқылау жоспарланып отыр», - деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, Мұрат Нұртілеу Беларусь Республикасына Минск тарапының шақыруымен ресми сапар жасайды. Сапар барысында министр беларустық әріптесі Сергей Олейникпен саяси, сауда-экономикалық және мәдени гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылайды.