Минскідегі Халықаралық «Кітап өнері» байқауында қазақстандық баспагерлер бас жүлдеге ие болды

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Беларусь астанасы Минск қаласында өткен Халықаралық «Кітап өнері» байқауы ТМД-дағы 11 мемлекет өкілдерінің басын қосты. Мамандардың бағасына құлақ түрсек, жыл озған сайын Достастық елдерінің кітап кеңістігінде бұл байқаудың беделі артып келеді. Баспагерлік жетістіктерін көпшілікке танымал етуге қомақты үлес қосатын осы шараның жалпы кітап өндірісін дамытуға да септігі мол.
None
None

Бірталай жылдан бері республикамыздың ең үздік басылымдарының қатарынан лайықты орнын меншіктеп келе жатқан астаналық «Фолиант» баспасы осы байқау қорытындысында ірі табысқа қол жеткізіп, екі бірдей беделді марапатқа ие болды.

Мерзімдік басылым, кітап шығару, кітап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық кеңестің белді де беделді қазылары негізгі «Достастық» аталымында жеңісті «Фолиант» баспасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарған «Қазақстан - Ресей: мәңгі достық жолымен. Казахстан - Россия: дорогой вечной дружбы. Kazakhstan - Russia: Road of Eternal Friendship» кітап-альбомына байлады.

Былтыр Павлодар облысында екі мемлекет президенттерінің қатысуымен өткен Ресей мен Қазақстанның ІХ Өңіраралық ынтымақтастық форумына орай аймақ басшылығының қолдауымен жарық көрген бұл кітап екі елдің көптеген өңірлеріне бірден тарап кетті. Басылым авторы - белгілі қазақстандық журналист, жазушы Анатолий Гурский. Нақышты безендірілген кітап беттерінде екі егемен мемлекеттің түбегейлі жаңа әріптестігінің жиырма жылдағы қарқынды дамуы көрініс тапқан. Нақты тарихи, қоғамдық-экономикалық мысалдар негізінде мемлекеттер қарым-қатынасының басты әрі даусыз мәні - қазақ және орыс халықтарының достығы мен бауырластық ықпалдастығы айқын көрсетіледі.

«АРТкнига» аталымында екінші орынға «Фолиант» баспасы мен түркі өркениетінің жалпы адамзат өркениетіндегі ролі мен орнын зерттейтін, ірі халықаралық ғылыми орталық болып табылатын Халықаралық түркі академиясы (Астана қаласы) бірлесіп жарыққа шығарған «Түркі дүниесі. Turkic World» альманахы лайықты деп танылды. Жеті тілдегі іргелі ғылыми-көпшілік басылым ретінде танылған альманахта дүние жүзіндегі жетекші түркітанушы ғалымдардың зерттеу материалдары, белгілі жазушылардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мақалалары, түркі әлемінің бай тарихи-мәдени мұрасына, өткені мен бүгініне, келешектегі дамуына арналған мақалалары жарияланған. Ерекше нақышпен көркем безендірілген «Түркі дүниесі. Turkic World» альманахы республикалық кітап қорындағы қазыналар қатарынан орын алатыны даусыз.

Байқау талаптары бойынша, лауреат атанған кітаптар биылғы қыркүйекте Мәскеу қаласында өтетін 26 Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің арнайы экспозициясына қойылады, содан кейін ТМД Тарих мұражайының кітап қорын байыту мақсатында Достастықтың Атқарушы комитетіне тапсырылады. Байқау дипломдарын салтанатты тапсыру рәсімі де осы көрме-жәрмеңкеде өткізілмек.

Соңғы жаңалықтар