Мира Шүйіншәлиеваның «Ар азабы» оқырманға жол тартты
Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан 1 мың дана таралыммен басылып шыққан бұл кітапқа қаламгердің пьеса, хикая, әңгімелері топтастырылған. Осыған дейінгі жинақтарында жазушының прозалық шығармалары басылып келсе, автор бұл жолы драматургия жанрында қалам сілтепті.
«Ар азабы» атты пьесасына өткінші өмірдегі адамдар арасындағы айтыс-тартыс, сатқындық пен жалғандық, ар азабынан ешкімнің де құтылмайтындығы, біреуге жасаған қиянат түбінде алдыңнан шығатыны арқау болған. Яғни адалдықтың ақ жолынан таймаудың қадір-қасиетін ұғындыра түседі. «Ақынның тағдыры» атты мұңлы драмада махаббат дертіне ұшыраған басты кейіпкердің жан сарайы ашылғандай. Жинаққа енген «Сіңлімнің сүйгені» хикаясы мен «Ерке» күшік», «Кезбеліктен құтылған күн» атты әңгімелері де - көтерер жүгі, айтары бар дүниелер. Соның ішінде «Ерке» күшік» - өткен жылы «Рахымжан Отарбаевтың мәдениет қоры» жариялаған республикалық байқауда үздік шыққан әңгімелердің бірі.
Проза жанрында қалам тербеп жүрген қазақ қыздарының бірі Мира Шүйіншәлиеваның бұған дейін «Махаббат бағы» (2003 жыл), «Шүберек қуыршақ» (2006 жыл), «Жүректегі құпия» (2009 жыл), «Өкініш» (2014 жыл) атты кітаптары баспа жүзін көрген болатын. Кезінде оның «Шүберек қуыршақ» жинағының алғысөзін белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков жазып, батасын берген еді.
Айта кетейік, Мира Хамзақызының туындылары мен шығармалары туралы мақала-пікірлер республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Ана тілі», «Айқын», «Қазақстан әйелдері», «Жалын», «Үркер» және басқа басылымдарда жарияланып келеді.