Мырзабосынов Шайдоровтың жаттықтырушысы ауысуына қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаттықтырушылар құрамын өзгертуге құқылы. Ал оның бұрынғы бапкері Алексей Урмановпен келісімшарт тоқтатылғанымен, федерация маманмен байланысты үзбейді. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.
Министр алдымен Алексей Урмановтың отандық мәнерлеп сырғанау спортына сіңірген еңбегіне тоқталып, оған алғыс білдірді.
– Алексей Урмановқа үлкен алғыс айтқымыз келеді. Ол өзі Олимпиада алтынын жеңіп алған және Олимпиада чемпионын тәрбиелеуге көмектескен маман. Осы үш жылда Михаилдің командасымен бірге ауқымды жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта Алексей Урманов біздің жас буын спортшылармен де жұмыс істейді деп үміттенеміз, – деді министр.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Михаил Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге дайындықты бастап кеткен. Жыл басынан бері спортшы 13 оқу-жаттығу жиынына қатысып, төрт-бес жарыста өнер көрсеткен.
Министр қазіргі кезеңде Олимпиада чемпионының жаңа команда жасақтап, күрделі элементтерді жетілдіру бағытында жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
– Михаил Шайдоровтың жаңа циклі басталды. Ол Олимпиада чемпионы ретінде жаңа команда таңдап, жаңа элементтермен жұмыс істеуге құқылы. Біз оны әрдайым қолдаймыз. Олимпиада чемпионы мәртебесінде жарыстарға қатысу оңай емес екенін Михаилдің өзі де айтып жүр. Дегенмен оның бұл кезеңнен өтетініне сенімдіміз, – деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр алдағы Азия ойындарына дайындыққа тоқталды. Оның айтуынша, 2029 жылы Алматыда өтетін Азия ойындарына дейін спортшының жаңа кезеңге бейімделіп, шеберлігін шыңдауына жеткілікті уақыт бар.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы Алексей Урмановпен қарым-қатынас үзілмегенін жеткізді. Олимпиададан кейін де тараптар тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Федерация тарапынан бапкерге Алматы қаласынан пәтер берілген.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров ISU әлемдік рейтингінде екінші орынға көтерілді.