Мыс өндірісі екі есеге артып, құрылыс материалдарының отандық үлесі көбейеді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде отандық өндірісті дамыту аясында мыс балқыту зауыттарын салу, автомобиль және теміржол машина жасау салаларында өндірістік кластерлер құру, сондай-ақ құрылыс материалдарының ішкі нарықтағы үлесін 80 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, отандық өндірісті қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – реттелетін сатып алу кезінде қазақстандық өнімдерге басымдық беру. Мемлекеттік сатып алу аясында осы тетіктің арқасында отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 122 млрд теңгеге жуық 83 мыңнан астам келісімшарт жасалған.
Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілер арасында ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарттар жасау тәжірибесі дамып келеді. Өткен жылдан бері 2,5 мыңнан астам ұзақ мерзімді шарт пен 707 офтейк-келісімшарт жасалған.
- Отандық өнімге сұраныс Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында да артып келеді. Ұлттық жоба аясында құбырлар, кабель-сым өнімдері, бетон, арматура, электротехникалық жабдықтар және басқа да өнім бойынша 144 келісімшарт жасалды. Сонымен қатар ел ішінде шикізатты терең өңдеуге ерекше көңіл бөлініп отыр, - деді ол.
Екі мыс балқыту зауыты салынады
Оның дерегінше, бүгінде елде өндірілетін 3,4 млн тонна мыс концентратының шамамен 59%-ы елімізде өңделеді. Осы шикізат көлемін толық игеру үшін екі негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
- Біріншісі – заңды жетілдіру. Мыс концентратын өңдеуді ынталандыру мақсатында тарифтерді мемлекеттік реттеу заңнамасына түзетулер әзірленді. Екіншісі – жаңа өндірістік қуаттарды дамыту. Ол үшін Балқаш пен Ақтоғайда әрқайсысының қуаты 300 мың тонна болатын екі мыс балқыту зауытын салу жоспарланған. Сонымен қатар мыс концентратын өндіруді арттыру үшін Көксай және Айдарлы жобалары іске асырылады, - деді ол.
Ерсайын Нағыспаевтың сөзіне қарағанда, бұл жобалар қосымша 1,7 млн тонна мыс концентратын өндіруге мүмкіндік береді.
- Осының нәтижесінде 2030 жылға қарай мыс концентратын өндіруді 1,5 есеге, ал мыс өндіруді 2 есеге арттыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде дайын мыс өнімдерін шығаруды 2 есеге арттырып, 40 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді, - деді министр.
Автомобиль және теміржол машина жасау саласында кластерлер құрылады
Ерсайын Нағыспаевтың мәліметінше, локализацияны одан әрі дамыту үшін елімізде толық өндіріс тізбегін қалыптастыру қажет. Осы мақсатта заңнамаға «салалық кластер» ұғымы енгізілді. Бұл тетік ірі кәсіпорындардың айналасына отандық өндірістерді топтастыруды көздейді.
- Оған шикізат, қосалқы бөлшек өндірушілер, шағын және орта бизнес, ғылыми және сервистік ұйымдар тартылады. Осы бағытта қажетті нормативтік-құқықтық актілер әзірленіп жатыр. Кластерлік шешімді сынақтан өткізу үшін пилот ретінде автомобиль және теміржол машина жасау салалары айқындалды. Осы бағытта бүгінде елімізде аккумуляторлар, шиналар, мультимедиялық жүйелер мен автокөлік орындықтары шығарылады. Сондай-ақ Qarmet-те шығарылатын болаттан автобус кузовына арналған бөлшектерді қалыптау жолға қойылды, - деді ол.
Министрдің дерегінше, биыл автокөліктерге арналған жылыту, желдету, салқындату жүйелерін және еден жабындарын өндіру басталды. Бұдан бөлек, жүк көліктерінің қозғалтқышына арналған цилиндр блоктарын шығару игерілді.
- Жыл соңына дейін Қостанай қаласында қуаты 60 мың данаға дейін автокомпонент өндірісі іске қосылады. Сонымен қатар Алматы қаласында автокөліктерге арналған электр сымдарын, тежегіш және отын жүйелерінің түтіктерін локализациялау жоспарланған. Теміржол машина жасау саласында дөңгелек, вагон осьтері, бұрмалар мен рельс бекіткіштері шығарылады, - деді Ерсайын Нағаспаев.
Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы өзгереді
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы экономикалық аймақтар жұмысының жаңа моделі әзірленіп, қажетті заңнамалық түзетулер қабылданғанын айтты.
Енді реформаны толық іске асыру үшін, Салық кодексіне және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді пысықтау жұмыстары жүргізіледі.
- Жалпы, реформа үш негізгі бағытқа негізделген. Біріншісі – аймақтарды сапалы жоспарлау. Арнайы экономикалық аймақтар құру кезінде стратегиялық және салалық басымдықтар, жер учаскелерінің болуы және инфрақұрылымның әлеуеті ескерілетін болады. Екіншісі – басқару тиімділігін арттыру. Ол үшін инвестор тартуға, жобаларды қолдауға және инфрақұрылымды дамытатын жеке басқарушы компанияларды тарту көзделіп отыр.
Үшіншісі – инвестициялық жобаларды сапалы іріктеу. Бұл ретте тұрақты сұранысқа ие, экспорттық әлеуеті мен өндірістік кооперацияны дамытатын жобаларға басымдық беріледі, - деді министр.
Айта кетейік, елімізде Елімізде 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 200 жоба іске асырылады.