Мишель Платини жемқорлық жасады деген күдікпен қамауға алынды
BBC News таратқан хабарларға қарағанда, Францияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері 63 жастағы Платиниден жауап алған.
Мишель Платини 2007-2015 жылдар аралығында Еуропа футбол қауымдастықтары одағын басқарған. Бұл лауазымын ФИФА оны сегіз жылға футболдан шеттеткен соң тапсырған.
Оның қамауға алынуына - 2011 жылы ФИФА-ның есеп шотынан Платиниге 2 млн еуроға жуық ақшаның аударылғаны себеп. Ақшаны 1998-2015 жылдар аралығында ФИФА-ны басқарған Йозеф Блаттер аударған. Осы оқиғаға байланысты Блаттер де футболдан шеттетілген болатын.
Артынша Платини апелляция берген соң шеттетілу мерзімі қысқартылып, 2019 жылдың қазан айында аяқталуы тиіс еді.
Еске сала кетейік, футболдан 2022 жылғы Әлем чемпионатын өткізу үшін күресте Қатар 2010 жылы АҚШ, Аустралия, Оңтүстік Корея мен Жапонияны артта қалдырған болатын.
Платини де, Блаттер де өздеріне тағылған айыптың бір де бірін әзірге мойындаған жоқ.