Мишлен жұлдыздарын дайындайтын білім бағдарламасы Алматыда енгізілуі мүмкін
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыға жұмыс сапарымен келген белгілі француз аспаздық мектебінің өкілдері мегаполистің жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеу мәселесін талқылады. Еуропалық делегация Оңтүстік астанаға Алматы қаласы туризм басқармасының шақыруымен келді.

Француз мектебі делегациясы Алматыда үшінші рет өтетін Almaty Food Fest халықаралық гастрономиялық фестиваліне дайындық аясында шақырылған.
Ecole Lenôtre мектебінің дамыту жөніндегі директоры Жан Пьер Альба мейрамхана ісі және қызмет көрсету кафедралары бар қазақстандық оқу орындарымен танысып, француздық оқыту әдістемелерін қазақстандық білім беру бағдарламаларына енгізу мүмкіндіктері бар екенін айтты.
– Алматы – географиялық орналасуы жағынан да, әлем халықтарының түрлі тағамдары бойынша да бірегей қала. Мен жергілікті аспаздар мен кондитерлердің халықаралық аспаздық тәжірибеден шабыттанғанын және Ұлттық гастрономиялық талғамдарды құрметтейтінін атап өткім келеді. Бұл мүмкіндік бірлескен білім беру бағдарламаларын және іскерлік ынтымақтастықтың әртүрлі форматтарын іске қосуға қызмет етуі мүмкін. Біз өз білімімізді Алматы қаласының мейрамхана бизнесінің мамандарымен бөлісуге тырысамыз, - деді Жан Пьер Альба.
Айта кетейік, Ecole Lenôtre – 1971 жылы Парижде ашылған аспаздар мен кондитерлерді даярлайтын кәсіптік мектеп. Бұл мектепте жыл сайын 3 мыңнан астам тәлімгер аспаздық өнерді үйренеді. Ал оның көптеген түлегі Michelin жұлдызының иегері атанған.
– Алматы гастрономиялық туризм мен бай мәдени мұра арқасында тез танымал болып келеді. Ecole Lenôtre сапары - бұл біздің қала үшін маңызды оқиға. Бұл мейрамхана саласындағы білім беру стандарттарын дамыту мен жақсартудағы маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, бұл халықаралық қауымдастықтың жергілікті тағамдар мен аспаздық дәстүрлерді байытумен қатар әртүрлі ұлттық және мәдени ерекшеліктерімен танысуына ықпал етеді, - деп хабарлады Алматы қаласының туризм басқармасынан.