Мысыр Алжирден мұнай импорттайды

АСТАНА. KAZINFORM – Мысыр ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Алжирмен шикі мұнай сатып алу жөнінде өзара түсіністік меморандумына қол қойды, деп хабарлайды Anadolu.

Мысыр Алжирден шикі мұнай импорттайды
Фото: Samco

Бұл жөнінде Мысырдың Мұнай және минералдық ресурстар министрлігінің хабарламасында айтылған.

Құжат Мысыр мен Алжирдің ұлттық мұнай-газ компаниясы Sonatrach арасында жасалған. Қол қою рәсіміне Мысырдың мұнай және минералдық ресурстар министрі Карим Бадави мен Алжирдің энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрі Мұхаммед Аркаб қатысты.

— Келісім аясында Мысыр ішкі нарықтың қажеттілігін өтеу мақсатында Алжирден шикі мұнай импорттайды, — делінген хабарламада.

Алжирдің энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрлігі өз кезегінде бұл келісім шикі мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу және өткізу жөніндегі келіссөздер аясында жасалғанын мәлімдеді.

АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс салдарынан туындаған энергетикалық дағдарыс жағдайында Мысыр билігі отын импорты көздерін әртараптандырып, бірнеше елден сатып алуды арттырып отыр.

Айта кетейік, Goldman Sachs мәліметінше, әлемдік мұнай қоры күрт азайып, соңғы сегіз жылдағы ең төмен деңгейге жақындаған. Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдердің шектеулі болуы қорлардың тез таусылуына қатысты алаңдаушылық туғызып отыр.

Айта кетелік Әлемдік мұнай қоры небәрі үш айға жететіні туралы жазған едік.