Мысыр Израильге қарсы геноцид туралы ОАР талабына қосылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Африка Республикасы Газа секторындағы соғыс уақытында геноцид туралы конвенция міндеттемелерін бұзды деген айыппен БҰҰ халықаралық сотына Израильге қарсы талап берген еді. Дәл осы талапқа Мысыр да ресми түрде қосылатындығын мәлімдеді. Каирдің мәлімдеуінше, бұл қадам Израильдің Газа секторындағы бейбіт тұрғындарға шабуылын күшейтуіне байланысты жасалып отыр.
Өткен жексенбі күні Мысырдың Сыртқы істер министрлігі Каирдің «палестиндік бейбіт тұрғындарға қарсы израильдік басқыншылықтың ушығуына байланысты» аталған талапқа қосылуға ниетті екендігін жария етті.
«Талапқа қосылу Израильдің Газа секторындағы палестиндік азаматтық тұрғындарға қарсы жауыздық қаупі мен ауқымының артуына, сонымен қатар палестиндік тұрғындарға қарсы жүйесі іс-әрекеттердің, оның ішінде бейбіт тұрғындарға тікелей шабуылдың жалғасуына, Газа секторындағы инфрақұрылымдардың қиратылуына және палестиндіктерді қашуға итермелеуге және оларды өз аумақтарынан тықсырып шығаруға байланысты», - делінген ведомствоның ресми өкілі Ахмед Абу Зейд жария еткен мәлімдемеде.
Осы жылдың қаңтарында Оңтүстік Африка Республикасы Израильді Газа секторында палестиналықтарға геноцид жасады деп айыптап, оларға қарсы талап берген болатын. Сол айда Гаагадағы (Нидерланд) БҰҰ-ның Халықаралық соты уақытша қаулы шығарған еді. Аталған құжатта анклавта геноцид тәуекелдері бар екендігі нақты аталып, Израиль геноцидтің кез келген актісінің алдын алуды қос алғанда бірқатар уақытша шара қабылдауға міндеттелген-ді. Қазіргі уақытта Халықаралық сотта Оңтүстік Африка Республикасының шағым қарау бойынша тексеру жалғасып жатыр. ОАР шағымында Израиль армиясының Газа секторындағы әуеден және құрлықтан шабуылы палестиндік анклавтағы «халықты жоюға» бағытталғаны айтылған.
Ал Израиль болса, бұл айыптаудың жалған әрі жала жабу екендігін, халықаралық құқықты құрметтейтіндігін, ХАМАС тобының 7 қазандағы 1 139 адам мерт болып, 252 адам тұтқынға алынған шабуылынан кейін өзін қорғауға құқығы бар екендігін алға тартып отыр. Айта кетерлігі, халықаралық соттың шешімі міндетті әрі шағымдануға жатпайды. Алайда, соттың оның орындалуын қамтамасыз етуге еш мүмкіндігі жоқ.
Мысыр болса Израильді «басқыншы держава ретінде міндеттемелерін, сондай-ақ Газа секторындағы палестиндіктерді қажеттіліктеріне сай келетін гуманитарлық және төтенше көмекке қол жетімділікті қамтамасыз ететін БҰҰ Халықаралық соты қабылдаған уақытша шараларды орындауға» шақырып отыр.
Сонымен қатар Мысыр Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Каирдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен ықпалды халықаралық құрылымдарды Газа секторында соғысты тоқтатуға, Рафах қаласында әскери операцияларды доғаруға және палестиндік бейбіт тұрғындарды қажетті қорғауды қамтамасыз етуге көмектесуге шақырғаны айтылған.
Бұған дейін Түркия мен Колумбияда Израильге қарсы іске қосылуға ресми өтінішпен жүгінген болатын. Газа секторы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, қазан айында басталған соғыс салдарынан қаза тапқандардың саны 35 мың адамнан асып кетті. Олардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басшысы Волкер Тюрк Рафахқа жан-жақтан басып кіруді халықаралық гуманитарлық құқықпен қалай келісуге болатындығын түсіне алмайтындығын мәлімдеген еді.
A full-scale offensive on #Rafah must not take place.
— UN Human Rights (@UNHumanRights) May 12, 2024
I call on Israel and Palestinian armed groups urgently to agree to a ceasefire. And all hostages must be released at once - UN Human Rights Chief @volker_turk.
Рафах қаласы Газа секторындағы палестиналықтардың соңғы бас сауғалаған жері еді. Өткен сенбіде израильдік әскерилер қалаға дендеп кірген сәтте палестиналықтар жаппай босуға мәжбүр болды. Соғыстан қашқан адамдардың басым бөлігі қарулы қақтығыстар салдарынан әбден күйресе де жақын орналасқан Хан-Юнис қаласы мен жағалаудағы аль-Маваси шатыр лагеріне қарай ағылды. Қазірдің өзінде бұл аймақта 450 мыңға жуық адам өмір ауыр жағдайда тіршілік етіп жатқаны белгілі.
Жексенбі күні Associated Press агенттігі аты-жөнін атауды жөн көрмеген мысырлық жоғары шенді шенеуніктің сөзін жария етті. Шенеуніктің хабарлауына қарағанда, Каир Израильге, Америка Құрама Штаттарына және еуропалық үкіметтерге наразылық білдіріп, Израильдің Рафах қаласына шабуылы Кэмп-Дэвид шарты деген атаумен танымал Мысыр мен Израиль арасындағы көпжылдық бейбіт келісімге қатер төндіретіндігін ескертті.
Осы орайда айта кетерлігі, Anadolu агенттігі Мысыр сыртқы істер министрі Самех Шукри словониялық әріптесі Таня Вайонмен Каирде өткізген баспасөз мәслихатында Кэмп-Дэвид шартына қатысты еш алаңдаушылық жоқ екендігін айтып, жұртшылықты тыныштандыруға тырысқандығын хабарлаған еді.
«Израильмен бейбіт келісім Мысырдың 40 жыл бойғы стратегиялық таңдауы болды және ол өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың басты тірегі саналады», - деген министр келісімді бұзғаны үшін қарастырылатын тетіктердің де бар екендігін атап өтті.
Өткен айдың соңында Еуропарламенттің Страсбургте өткен отырысында Еуроодақ Сыртқы істер министрі Жозеп Боррел Газа секторында Израильдің ХАМАС лаңкестік тобымен соғысы кезінде азаматтық инфрақұрылымның шамамен 35 пайызы қирағанын, ал 60 пайыздан астамы зақымдалғанын мәлімдеген еді. Алдын ала мәлімет бойынша, материалдық шығын ондаған миллиард доллар болды.
«Газа секторындағы қалалар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германияға қарағанда көбірек зардап шекті, бұл салыстыруды елестетіп көріңізші. Жақында Дүниежүзілік банк пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен келтірілген шығынды аралық бағалауы тікелей шығын шамамен 90 млрд долларға бағалады», - деген еді Жозеп Боррель.
Бүгінде анклавтағы гуманитарлық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінің бас комиссары БАПОР-ды қаржыландыруды тоқтатқан елдер ұйыммен серіктестікті қалпына келтіреді деген үміт білдірді. Бірнеше ай бұрын Израиль БАПОР-дың кейбір қызметкерлерінің лаңкестік топтармен байланысы бар екенін мәлімдеді. Сәуірдің 23-інде тәуелсіз сарапшылар тобы БАПОР жұмысын тексеру туралы қорытынды есебін жариялады. Онда Израиль өз айыптарын дәлелмен растамағанын айтады.
Израильдің Рафахтағы әскери операциясы көптеген елдердің теріс реакциясын туғызып отыр. АҚШ президенті Джо Байден егер бұл қалада ауқымды әскери операция басталса, Американың Израильге әскери көмегі тоқтатылатынын мәлімдеді.
БҰҰ-ның хабарлауынша, Мысыр шекарасындағы Рафахта Газа секторының басқа аймақтарындағы соғыстан қашқан миллионнан астам бейбіт тұрғындар пана тапты және ауқымды әскери операция олардың өміріне қауіп төндірді.