Мысыр құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты финалдық кезеңіне Африка құрлығынан Мысыр құрамасы жолдама алды.
Бұл елдің футболшылары А тобында сынға түсті. Олар тоғызыншы турда сырт алаңда Джибутиді 3:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионаты финалдық кезеңіне жолдамаға бір тур бұрын ие болды. Сондай-ақ Мохаммед Салах бастаған ойыншылар өз тобында Буркина-Фасо, Сьерра-Леоне, Гвинея-Бисау, Эфиопия, Джибути құрамаларын артта қалдырды.
Мысыр құрамасы қазірге дейін жарыстың аталған сатысында үш мәрте бақ сынады. Алғаш рет 1934 жылы қатысса, одан кейін 1990, 2018 жылдары топтық кезеңде ойнады.
Осыған дейін әлем чемпионатына АҚШ, Канада, Мексикадан өзге Оңтүстік Америкадан Аргентина, Бразилия, Эквадор, Уругвай, Колумбия, Парагвай, Азиядан Жапония, Иран, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Иордания, Аустралия және мұхит аймағынан Жаңа Зеландия қатысатыны анықталды.
Әзірге Солтүстік Америка мен Еуропадан ешқандай құрама әлем біріншілігінің жолдамасын иеленген жоқ. Олар іріктеу кезеңін қараша айында аяқтайды. Ал Африкадан Марокко мен Тунис жолдама алған еді. Бұл құрлықта іріктеу кезеңі 14 қазанда мәресіне жетеді.
Әлем чемпионатында алғаш рет 48 құрама сынға түседі. Дүбірлі дода 2026 жылдың 11 маусым-19 шілде аралығында өткізіледі.