Мысырда перғауын мұрагерінің қабірі табылды
КАИР. KAZINFORM – Каирдің оңтүстігінде археологтар V әулеттің алғашқы билеушісі болған перғауын Усеркафтың ұлы – ханзада Усерефраның қабірі мен III әулеттің негізін қалаушы перғауын Джосердің, оның жұбайы мен он қызының мүсіндерін тапты. Бұл жөнінде Мысырдың Туризм және ежелгі мұра министрлігі хабарлады, деп 24.kg жазды.

Министрліктің мәліметінше, Захи Хавасс атындағы Ежелгі мұра мен мұрағат қоры сондай-ақ Жоғарғы ежелгі ескерткіштер кеңесінің басшылығымен жұмыс істеген бірлескен мысырлық археологиялық экспедиция Саккара аймағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Усерефра ханзаданың қабірін тапқан. Сондай-ақ бұл жерде сол дәуірге және одан кейінгі кезеңдерге жататын маңызды археологиялық олжалар табылған.

Археологиялық нысанда көптеген иероглиф жазбалар бар. Олардың бірқатары марқұм ханзаданың есімі мен атақтарын сипаттайды. Мысалы, онда «мұрагер ханзада, Буто мен Нехбет аймақтарының билеушісі, патша хатшысы, министр, судья және діни қызметкер» деген атақтар кездеседі.

Қазба барысында ғалымдар биіктігі 5 метрге жуық және ені 1 метрден асатын қызғылт граниттен жасалған жалған есік тапқан. Жоғарғы кеңестің мәлімдеуінше, мұндай ірі жалған есік бұрын-соңды еш жерде табылған емес.
Еске сала кетейік, Қазақстанда археологиялық олжаны жымқырғандарға жаза күшейтіні туралы жазған болатынбыз.