Мысырда шамамен екі мың жыл бұрынғы 23 мумия табылды

Мысырда шамамен екі мың жыл бұрынғы 23 мумия табылды
Фото: pixabay.com

Испандық археологтар Эль-Бахнаса қаласында алғаш рет алтын және түрлі түсті жерлеу маскалары бар мумия түріндегі шамамен 2 мың жыл бұрынғы қорымдарды тапты. Олардың екеуінің аузында алтын тілдері бар. Kazinform бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Sada al-Balad порталының хабарлауынша, Птолемей әулетінің (б.з.д. 305 - б.з.д. 30 ж.) және Мысырға Рим билік еткен кезінде (б.з.д. 30 ж.) жерленген барлығы 23 мумия табылды.

Қорымдар Эль-Бахнаса жоғарғы зиратының шығыс бөлігінен табылған. Топырақта қазылып, таспен қапталған құдық түбінде өлілерді жерлеуге арналған бөлмелер бар: осы бөлмелердің бірінде бос болған саркофагтар, ал екіншісінде мумиялардың өздері болған. Мумиялардың саркофагтарға неліктен жерленбегені туралы ақпарат берілген жоқ.

23 мумияның екеуінің аузында тіл тәрізді алтын тілімше бар. Археологтардың айтуынша, өлгендерді жерлеудің бұл дәстүрі Рим билігі кезінде кеңінен қолданылған.

Жерленгендердің жеке басы әлі анықталған жоқ. Алайда олардың жерленген жерінен бір кездері жерлеу орнында тұрған ғимарат қабырғаларының қалдықтары табылды. Ғалымдар үйінді сынықтарынан жануарлар, құстар, сондай-ақ жеміс-жидек бейнелері бар суреттер тапты.

Сонымен қатар ғалымдар қазба орнында басына гүлдесте мен тәжі бар Исида-Афродита әйел-құдайдың күйдірілген саз мүсінін тапты. Мұндай мүсіндер Эль-Бахнасадан бірінші рет табылып отыр. Археологтар басқа олжаларды іздеу үшін қазба жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп атап өтті Sada al-Balad порталынан.

Қазіргі Эль-Бахнаса ежелгі дәуірде Оксиринх (Пемдже) қаласы болған жерге жақын орналасқан. Ол Птолемей дәуірінде Мысыр эллиндік мемлекеттің үшінші ірі қаласы болды.

Соңғы жаңалықтар