Митрополит Мефодий Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәліге және ел мұсылмандарына Құрбан айт мейрамымен байланысты құттықтау жолдады
«Сізді және Қазақстан Республикасының барлық мұсылман қауымын исламның ұлы мейрамдарының бірі - Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!», делінген құттықтауда.
Митрополит Мефодий өзінің жолдауында ислам мен православ дінінің дәстүрлері біздің халқымыз үшін маңызды және бүгінгі қазақстандық қоғамға қажетті екендігін атап өткен.
«Біз өзіміздің діндарларымызды тыныштық пен келісімге, рухани негіздерімізді сақтауға, қайырымдылық пен әлеуметтік қызметтегі өзара әрекетке, жалпы азаматтық жобаларда бірлескен іс-қимылдарға тұрақты шақырып отырамыз. Ғалами қауіп-қатерлердің алдында біз өзіміздің дін жолындағы қызметімізде, әлемді діни тұрғыдан тануда, қайырымдылықтың түпкілікті салтанат құратындығына батыл сенімде қашан да біргеміз.
Аса құрметті Мүфти Хазірет, Сізге және елдің барлық мұсылман қауымына мықты денсаулық, Отанымыздың игілігі үшін жұмыста табыс және Құдайдың қуат беруін тілеймін!», деп атап өтілген құттықтаудың мәтінінде.