ММА бойынша Азия чемпионатында Қазақстан атынан жеті спортшы шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ММА аралас жекпе-жек бойынша Оңтүстік Кореяның Хвасун қаласында өтетін Азия чемпионатына Қазақстан атынан жеті спортшы аттанады.
Бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған спорт түрінің қазақстандық федерациясын басқаратын Анатолий Ким біріншілікке қатысатын құраманы жария етті: Азамат Марқабаев (61,2 кг), Исмаил Героев (65,8 кг), Неймат Асадов (70,3 кг), Гойти Дазаев (77,1 кг), Бауыржан Қуанышбаев (84 кг), Еркінбек Инжел (93 кг) мен Мохмад Сулиманов (+93 кг).
«Соңғы үш жыл бойы біз Азия чемпионатында бірінші орын алып келеміз. Әлем бойынша екінші орындардамыз. Біздің басты мақсатымыз - осы көшбасшылықты сақтап қалу. Шынын айтқанда, оны істеу қиын, себебі біздің қарсыластар да бір орында тұрған жоқ», - деп атап өтті А.Ким.
Оның сөзі бойынша, аталған біріншілікке Азияның онға тарта мемлекеті қатысады. Олардың қатарында Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Қытай және басқалары. Азия чемпионатын Бүкіләлемдік MMA федерациясының құрметті президенті Федор Емельяненко ашады.
Сонымен қатар Оңтүстік Кореяда «BATTLE OF NOMADS-9» кәсіпқой турнирі өтпек. Онда Қазақстан намысын үш спортшы: Қадыржан Әбілқайыр (65,8 кг) мен «Kazakhstan MMA TOP TEAM» тобының екі майталманы - Шавкат Рахмонов (80 кг) пен Сергей Морозов (61,2 кг) қорғайды.
фото: extrimpower.ru