ММА: Қайрат Ахметов титулдық айқаста жеңіліп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 қаңтар күні Манила қаласында ММА шебері Қайрат Ахметов («Kazakh») аса жеңіл салмақтағы One FС-дің уақытша чемпионы атағы үшін филиппиндік Джехе Эустакиомен болған айқаста жеңіліс тапты, деп хабарлайды SPORTINFORM САА.
Аралас жекпе-жек шеберлері бес раунд бойы басымдықты кезек-кезегімен өз қолдарына алып отырды.
Соңғы раундтың аяғына қарай Ахметов филиппиндік қарсыласын партерге түсірді. Ал соңғы секундтарда Қайрат Эустакиоға соққыларын оқша жаудырды, оны тек финалдық сиренаның дауысы тоқтата алды.
Бірақ төрешілердің шешімімен жеңіс жергілікті палуанға берілді. Осылайша, Джехе Эустакио аса жеңіл салмақтағы One FС-дің уақытша чемпионы белдігін иеленді.
Бұл Қайрат Ахметовтің өз мансабындағы екінші жеңілісі, екеуі де төрешілердің шешімімен болды.