ММА: Викингтердің Көшпелілерге көшбасшы тағын босатып берер уақыт жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 12-19 қараша күндері Бахрейінде өтетін ММА-дан әлем чемпионатына ресми шақыру алды. Бұл жайында MMA Federation of Kazakhstan баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шақыру аралас жекпе-жектен әлемдегі ең ірі промоушн саналатын UFC серіктесі ММА Халықаралық федерациясынан (IMMAF) келіп отыр.
Ағымдағы жылы Қазақстан спортшылары Сингапурде өткен Азияның Бірінші чемпионатында табысты өнер көрсетіп, 3 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль еншілеген болатын. IMMAF президенті Kerrith Brown қазақстандық команданың Сингапурдағы өнеріне жоғары баға беріп, әлем чемпионатында да осындай мықты команданы көруге ниетті екендігін білдірді.
Осыған орай алдағы уақыттағы жоспарларымен бөліскен ММА қауымдастығының төрағасы Асылбек Дүйсенов: «Біз бұл шақыруды қабыл аламыз. Бізді ММА бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасын дайындау бойынша ауыр жұмыс күтіп тұр. Ол кемінде екі оқу-жаттығу жиынын қамтиды. Қазіргі уақытта спортшылардың дайындалуына барлық жағдай жасалған мүмкіншіліктерін ескере отырып, оқу-жаттығу жиынын өткізетін бірнеше спорттық нысанды қарастырудамыз. Таяу уақытта ұлттық құраманың жаттығу процесі жайында кеңінен айтып беретін боламыз. Біз бүкіл әлемге көшпелілердің уақыты келіп, викингтерге көшбасшы тағын босатуға тура келгендігін көрсету үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деді.
Қазақстан ММА қауымдастығы оқу-жаттығу жиынының бірнеше кезеңін өткізуді жоспарлап отыр. Оның қорытындысында Бахрейннің Манама қаласында өтетін ММА бойынша әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын ұлттық құрама сапы жасақталатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, ММА халықаралық федерациясында Швеция құрамасы көшбасшы саналады. Дегенмен, Сингапурда өткен Азия чемпионатында скандинавиялық құрамаға командалық есепте есе жібергенімен, жеке жекпе-жектерде басымдық танытқан Қазақстан құрамасы лайықты бәсекелес бола алған еді.