ММУ-дің Баку филиалының ректоры Наргиз Пашаева Мәскеу университетінің құрметті профессоры атағына ие болды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 қаңтарда М.В.Ломоносов атындағы ММУ бас ғимаратының акт залында Мәскеу университетінің негізі қаланғанына 260 жыл толуына арналған салтанатты отырыс өтті. Шараға көрнекті ғылым, білім, мәдениет, әдебиет қайраткерлері, Ресей, Әзербайжан және басқа да көптеген елдердің танымал қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлады trend.az.
Салтанатты кешті Ресей Президенті Владимир Путин құттықтау сөзбен ашты.
Салтанатты кештің барысында ММУ Баку филиалының ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Наргиз Пашаеваға Мәскеу университетінің құрметті профессоры атағы берілді.
Оған құрметті профессор дипломын тапсыра отырып, университет ректоры Виктор Садовничий: «Ломоносов атындағы ММУ ғылыми кеңесі өзінің жиналысында Баку қаласында Ломоносов атындағы ММУ филиалының құрылуына және қалыптасуына қосқан көрнекті үлесі, Мәскеу университетімен игілікті ынтымақтастығы үшін Пашаева Наргиз Арифқызына Мәскеу университетінің құрметті профессоры атағын беру туралы қаулы етті, бұл оған заңмен және және дәстүрмен белгіленген құқықтарды, құрметті және артықшылықтарды қамтамасыз етеді», - деп мәлімдеді.
Жауап сөзінде Наргиз Пашаева: «Ректор мырза, мәртебелі жиналыс! 260 жылдың ішінде Мәскеу университеті шын мәнінде ұлы және әдемі, түзу және мақсатты, шешімді және ерлік жолынан өтті. Енді Мәскеу университетінің барлық адамдары өздерінің осынау қасиетті білім ордасына қызмет ететінін, мұнда жастық пен даналық, дәстүрлер мен қазіргі заман, мәдениеттердің ұқсастығы мен әртүрлігі, ұрпақтар сабақтастығы, гуманизм мұраттары, бейбітшілік пен әділеттілік тоғысқанын мақтан ететін болады. Бүгін осы бақытты мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің алдарыңызда, осы үлкен мінбеден арнап сөз сөйлей отырып, мен осынау үлкен, бірегей және тамаша ММУ әлемінің бөлшегі болудың маңызы мен мәнін жоғары бағалаймын және жақсы түсінемін деп, атап өтуді өзімнің борышым деп санаймын. Бұдан құрметті не болуы мүмкін? Басқа ештеңе де болмас, деп ойлаймын», деп мәлімдеді.
Наргиз Пашаева оның еңбегіне әріптестері берген жоғары бағаға ризашылығын білдірді: «Қымбатты әріптестер, Сіздерге шынайы алғысымды, менің қарапайым еңбегіме Сіздер берген жоғары бағаға ризашылығымды білдіремін. Мәскеу университетінің ректоры бастаған Ғылыми кеңеске менің кандидатурама қолдау білдіргені, маған Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің құрметті профессоры жоғары атағын иелену құрметін көрсеткені үшін алғыс айтамын. Рахмет, Сіздерге», - деді ол.
Наргиз Пашаева Баку да осы мерекеге қуанып жатқанын айтты, ММУ Баку филиалының, Әзербайжанның ғылыми-педагогикалық жұртшылығының, республиканың қарапайым азаматтарының атынан осы даңқты және жарқын оқиғамен қатысушыларды құттықтады. «Мәскеу университеті 260 жыл бойы, өзінің бүкіл қалыптасу жолында бірде-бір рет қателескен жоқ, қате басқан жері жоқ, дәуірлер мен уақыттар шайқасында жеңіліп көрген жоқ, өйткені университеттер - әрқашан да мәңгі, ал қалғандары - тарихтың үлкен және шағын эпизодтары. Виктор Антонович, Сізге және осы бүкіл уақыт бойы Баку мен Мәскеу арасында жүріп, біздің филиалымыздың қаз тұруына және өркен жаюына көмектескен барлық қымбатты оқытушыларға айрықша алғысымды білдіремін. Баку әрқашан да Сізді ұмытпайды, Сіздің жоғары миссияңызды біздің елдің адамдары мәңгі естерінде сақтайды. Өйткені бізде өмірге жолдама берген ұстаздарға деген құрмет әрқашан да ерекше. Сізге рахмет. Сіздердің қүш-қуаттарыңыз, сіздердің білімдеріңіздің құдіреті және сіздердің адамгершіл қайрат-жігеріңіз өрістеп, нығая берсін! Мерекелеріңізбен, Сіздерге басымды иіп тағзым етемін!», - деп мәлімдеді Наргиз Пашаева.
Наргиз Пашаевамен қатар ММУ құрметті профессоры атағына неміс ғалымы, Фрайберг тау-кен академиясының Техникалық университетінің ректоры, профессор Бернд Мейер ие болды. Енді олардың есімдері әртүрлі кездерде осы құрметті атаққа ие болған қазіргі заманғы ғалымдар мен танымал қоғам қайраткерлерінің есімдерімен қатар тұратын болады.
Кезінде Мәскеу университетінің құрметті профессоры атағына ие болған ғалымдар
Алфёров Жорес Иванович, физик, физикадан Нобель сыйлығының лауреаы;
Аносов Дмитрий Викторович, математик, академик, динамикалық жүйелер және дифференциальдық теңдеулер, дифференциальдық геометрия және топология теориясының маманы;
Айтматов Шыңғыс, жазушы, дипломат, қоғам қайраткері;
Сэр Джозеф Ротблат - Нобельдік бейбітшілік сыйлығының лауреаты, британдық физик және радиобиолог;
Уотсон Джеймс - физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, американдық биолог-ғалым;
Берил Степан Иорданович, физик, Днестрбойы мемлекеттік университетінің құрметті президенті;
Грис Томас, Ахена Техникалық университетінің профессоры, ГФР;
Ганди Индира, Үндістан премьер-министрі;
Гроф Станислав, чехтекті американдық психолог және психиатр, трансперсоналдық психология негізін қалаушылардың бірі;
Дятченко Леонид Яковлевич, БелМУ ректоры;
Залиханов Михаил Чоккаевич, ғылыми қызметінің басты бағыттары - гляциология, геология, геофизика, экология;
Канторович Леонид Витальевич, математик;
Каранфиловский Максим, Скопьедегі Кирилл және Мефодий атындағы университеттің профессоры (Македония);
Крооненберг Соломон, биолог, Дельфт университетінің профессоры;
Терешкова Валентина, алғашқы ғарышкер-әйел, техника ғылымдарының кандидаты;
Цэрэнчимэдийн Саранцацрал, Моңғол мемлекеттік университетінің профессоры;
Шикин Евгений Викторович, ММУ мемлекеттік басқару факультетінің басқарудағы математикалық тәсілдер кафедрасының меңгерушісі;
Юодка Бенедиктас, биохимик, Вильнюс университетінің ректоры және басқалары.