«MOB FEST» фестивалі: АҚШ-та тағылымдамадан өтетін мобилографтар тізімі жарияланды
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Дара» талантарды қолдау қоры ұйымдастырған фестивальге 16 мен 40 жас аралығындағы 7 524 қазақстандық мобилограф қатысқан. Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған байқауға олар 1537 видео-жұмыс ұсынды.

Байқаудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша үздік 100 мобилографов іріктеліп, олар ақтық кезеңдегі екінші тапсырманы орындауға жіберілген болатын. Байқауда бақ сынағандар арасынан 20 видеожұмыс авторлары ең мықты деп танылып, олар Нью-Йорк кино өнері академиясынан (NYFA) тағылымдамадан өтуге жолдама алды. Осылайша қазақстандық 20 жас мобилограф АҚШ-тағы беделді академияда он күн оқитын болады.

«Дара» таланттарды қолдау қорының президенті Нұрлан Қоянбаев жеңімпаздарды марапаттау салтанатында, Қордың жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, Қордың негізгі мақсаты - талантты жастарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруы үшін мүмкіндіктер ашу, сондай-ақ Қазақстанда креатив индустрияны дамыту.

«Таланттарды қолдйтын «Дара» қорының бастамасымен бұндай фестиваль республика деңгейінде алғаш рет өтіп жатыр. Шынымды айтсам, мен осы фестивальге 7,5 мың адам қатысады деп ойлаған жоқпын. Ал байқауға түскен видеоларды көріп, риза болдым. Ауылдан шыққан небір талантты жастар бар екен. Жалпы, біз бұған дейін Америкаға барып, New York Film Academy ректорымен кездесіп, жастарымызды сонда оқыту туралы ойымызды айтқан едік. Олар қарсы болған жоқ. Енді жастарымыз Нью-Йоркте білім алып, өздеріне тәжірибе жинайтын болады. Жастардың арасынан жай ғана смартфонмен де елімізді әлемге танытатын мықты мамандар, режиссерлар, операторлар шығады деп сенеміз», - деді Нұрлан Қоянбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда бұндай іс-шаралар жиі өткізілуі тиіс. Сондай-ақ, Нұрлан Қоянбаев бұқара халық пен жастар арасында спорт түрлерін дамыту мақсатында былтыр Қор «Tartyl fest» фестивалін ұйымдастырғанын да атап өтті.

«Mob Fest» фестивалінің амбассадоры Асхат Шынәлі байқауға қатысушылар жұмысын жоғары бағалады. Ол осы фестиваль арқылы талантты, креатив жастарға мүмкіндік берілетінін, дарындылардың жолын ашу мақсаты болғанын атап өтті.
«Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Жастардың өресі биік, ойы терең екенін байқадық. Қатысушылардың дені бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін көтерген. Видеолар өте тамаша, сапалы түсірілген. Бұлай болады деп ойламағанымыз да рас. Іріктеп алу қиынға соқты. Олар әртүрлі салада жұмыс істейтін азаматтар, әрқайсысы өнерлі. Қазір көптеген бизнес видео-контент арқылы дамиды. Сондықтан да, бүгін бақ сынап отырған осындағы әрбір талантты жастың болашағы зор деп ойлаймын», - деді Асхат Шынәлі.

Байқау жеңімпаздары, яғни 20 үздік жұмыс авторлары Нью-Йорк кино өнері академиясында (NYFA) тағылымдамадан өтуге жолдама алды. Бұдан бөлек, 40 жеңімпаз мобилограф 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталса, 40 қатысушыға «Мобилография PRO» курсын онлайн оқуға мүмкіндік беріледі.

Фестивальге қатысушылардың бірі 20 жастағы Санжар Мейірманов Қазақстанда мобилография өте жақсы дамып келеді деп санайды. Оның осы салада жүргеніне үшінші жыл болды, сондай-ақ Қонаев қаласында ол өзінің агенттігін ашып, шәкірттер тәрбиелеуде.
«Мен бұған дейін барбер болғанмын, бірақ ол жұмыстан ләззат алған жоқпын. Кейін мобилограф боламын деп шештім. Бірқатар елдерде білім алдым, біліктілігімді арттырдым. Бұл өте қызық сала. Қазіргі таңда бірнеше шетелдің өкілдерімен әріптестік орнатқанмын, бүгінге дейін алты мемлекетте болыппын. Мен негізі коммерциялық тапсырыстарды, Reals-тер түсіремін. Бір байқағаным, шетелде мобилография қатты дамымаған екен, ал Қазақстанда дамуға міне, үлкен қадам басып жатыр. Мобилография – ол дамуға бастайтын жол, шығармашылық еркіндік, креатив, мұнда қолында телефон болса болғаны, видео түсіріп, адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлайсың. Бүгінгі фестиваль еліміздің жастары үшін өзін көрсетуге жақсы мүмкіндік деп санаймын», - деді Санжар Мейірманов.

Республикалық конкурстың тағы бір қатысушысы Назар Сәрсен бұл мамандықтың өзіндік қыр-сыры барына тоқталды. Оның пайымынша, мықты мобилограф болу үшін ең бастысы ынта мен жақсы идея керек.
Салтанатты марапаттау рәсіміне еліміздің танымал актерлері, белгілі блогерлер де қатысып, ақжарма тілектерін білдірді.

Сонымен, АҚШ-қа жолдама алған мобилограф жастар тізімі мынадай:
Жұматай Ахметхан - Қостанай
Руслан Абжалов - Шымкент
Тахыр Тұрар - Алматы
Шоқжан Болат - Тараз
Қаhарман Шақарбекұлы - Қызылорда
Асанбеков Сүндет - Шымкент
Салауат Жанарбек - Ақмола облысы
Рамазан Мырзатайұлы - Алматы
Дулат Айтуғанов - Астана
Иманғали Мақсолұлы - Алматы
Ильяс Айдарұлы - Алматы
Қуатбай Мырзабек - Алматы
Мылтықбай Аружан
Рахат Дауылбаев - Талдықорған
Сабыржан Жолдыбаев;
Ескендір Каменов - Алматы
Жақсылық Сапарбек - Астана
Тілкешов Ербатыр - Орал
Изенова Карина - Ақтау
Қайып Ерқанат - Шымкент.
