«MOB FEST» жеңімпаздары марапатталды: 20 қазақ баласы Нью-Йорк кино өнері академиясында тағылымдамадан өтеді
Марапаттау рәсіміне ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қорының президенті Нұрлан Қоянбаев, «Mob Fest» фестивалінің амбассадоры Асхат Шыналиев және ҚР Президенті Телерадиокешенінің креатив директоры Әсел Тұрсынғазина қатысты. Сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар қатарында белгілі қазақстандық блогерлер, әншілер, танымал актерлер мен өнер шеберлері де болып, жастарға қолдау білдірді, ақжарма тілектерін айтты.

Салтанатты шарада «Дара» қорының президенті Нұрлан Қоянбаев мобилографтар фестивалі елімізде республикалық деңгейде алғаш рет өтіп жатқанын айтты. Сондай-ақ қордың негізгі миссиясы еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды жастарды қолдау екенін атап өтті.
«Фестивальге 7,5 мың адам қатысады деп ойлаған жоқпын. Видеоларды көріп, риза болдым. Ауылдан шыққан небір талантты жастар бар екен. Жалпы, біз бұған дейін Америкаға барып, Нью-Йорк кино академиясының ректорымен кездесіп, жастарымызды сонда оқыту туралы ойымызды айтқан едік. Олар қарсы болған жоқ. Енді жастарымыз Америкада білім алып, өздеріне тәжірибе жинайтын болды. Жастардың арасынан мықты мамандар шығады деп сенеміз», - деді Нұрлан Қоянбаев.

Ол мұндай фестивальдердің елімізде көп болғаны дұрыс екенін де алға тартты.
«Біз былтыр «Тартыл фест» фестивалін өткізген едік. Ал мобилографияға келер болсақ, ол мәдениетке, трендтегі тың өнерге жатады. Сондықтан да жыл сайын өткізіп тұрған дұрыс деп ойлаймын. Ел ішіндегі өнерлі жастарға өте көп көңіл бөлу керек. Солар елдің атағын әлемге шығарады», - деді Н.Қоянбаев.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Телерадиокешенінің креатив директоры, «MOB FEST» фестивалінің қазылар алқасының мүшесі Әсел Тұрсынғазинаның айтуынша, ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры талантты жастарға зор мүмкіндік жасауда.
«Мыңнан тұлпар атанған 100 жүйрік қорытынды кезеңге барын салыпты, барлық жұмыс бірінен-бірі өтеді. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Жастардың өресі биік, ойы терең екенін байқадық. Қатысушылардың дені бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін көтерген. Түсірілім сапасы жағынан да керемет жұмыстарды көріп, тәнті болдық. Бастысы, жастардың талабы зор», - деді Әсел Тұрсынғазина.
Ал «Mob Fest» фестивалінің амбассадоры Асхат Шыналиев фестиваль арқылы талантты, креатив жастарға мүмкіндік беріп, жолын ашу екендігін атап өтті.

«Байқауға қатысқан видеолар өте тамаша, сапалы түсірілген. Іріктеп алу қиынға соқты. Байқауға қатысушылардың жастары 15-40 жас арасында. Олар әр салада жұмыс істейтін азаматтар, әрқайсысы өнерлі жандар. Қазір көптеген бизнес видео контент арқылы дамиды. Сондықтан да, бүгін бақ сынап отырған осындағы әрбір талантты жастың болашағы зор деп ойлаймын», - деді Асхат Шыналиев.

Еске салайық, ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған фестивальге 16 мен 40 жас аралығындағы 7 524 қазақстандық мобилограф қатысты.
Фестивальдің І кезеңі 2022 жылдың 1 қыркүйегі мен 2023 жылдың 1 сәуірі аралығында онлайн режимде өтті. Байқауға «Мәдениет пен салт-дәстүр», «Туризм», «Адамдар» тақырыптары бойынша 1537 жұмыс қабылданды.

Байқаудың І кезеңінің қорытындысы бойынша 100 үздік мобилограф анықталды. Олар екінші, қорытынды кезеңнің тапсырмаларын орындауды жалғастырды.
Жеңімпаздар есімі www.daraqory.kz, www.infom.kz сайттарында жарияланды.
Байқаудың ІІ кезеңінің жеңімпаздары, яғни 20 үздік жұмыс авторлары Нью-Йорк кино өнері академиясында (NYFA) тағылымдамадан өтуге жолдама алды. 40 жеңімпаз ақшалай сыйлықпен марапатталса, 40 қатысушыға «Мобилография PRO» курсын онлайн оқуға мүмкіндік берілді.

Фестивальге қатысушылардың бірі 20 жастағы Санжар Мейірманов Қазақстанда мобилография өте жақсы дамып келеді деп санайды. Оның осы салада жүргеніне үшінші жыл болды, сондай-ақ Қонаев қаласында өзінің агенттігін ашып, шәкірттер тәрбиелеуде.

«Мен бұған дейін барбер болғанмын, бірақ ол жұмыстан ләззат алған жоқпын. Кейін мобилограф боламын деп шештім. Әртүрлі елдерде білім алдым, біліктілігімді арттырдым. Бұл өте қызық сала. Қазіргі таңда бірқатар мемлекеттің өкілдерімен әріптестік орнатқанмын, бүгінге дейін алты мемлекетте болыппын. Мен негізі коммерциялық тапсырыстарды, Reals-тер түсіремін. Бір байқағаным, шетелде мобилография қатты дамымаған екен, ал Қазақстанда дамуға міне, үлкен қадам басып жатыр. Мобилография – ол дамуға бастайтын жол, шығармашылық еркіндік, креатив, мұнда қолында телефон болса болғаны, видео түсіріп, адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлайсың. Бүгінгі фестиваль еліміздің жастары үшін өзін көрсетуге жақсы мүмкіндік деп санаймын», - деді Санжар Мейірманов.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры талантты жастарды қолдауға, олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға және Қазақстандағы креативті индустрияны дамытуға бағытталған.