Мобильді аударым бойынша салықтық бақылау қалай жүргізіледі

Мобильді аударым бойынша салықтық бақылау қалай жүргізіледі
Фото: tolqyn.kz

Биыл Мемлекеттік кірістер комитетіне банктерден банктік шоттарына кәсіпкерлік қызметке байланысты ақша түсетін азаматтар туралы мәліметтер түсе бастады. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілерін айқындау өлшемшарты жеке тұлғаның үш ай қатарынан ай сайын әр түрлі тұлғалардан жеке банктік шотқа 100-ден астам аударым алуы болып саналады, деп хабарлайды Kazinform. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ақпарат банктерден кезең-кезеңмен беріледі:

1) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша);

2) 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша);

3) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша);

4) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша).

Бүгінгі таңда ақпарат тек мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша алынды.

«Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді және жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталғанына назар аударамыз. Бұл ретте жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады (туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша)», - делінген комитет хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар